Халықаралық институттар Қазақстан экономикасына қаржы құюға ниет танытып отыр. Бұл пікірмен Еуропаның қайта құру және даму банкінің Қазақстан бойынша басшысы Агрис Прейманис бөлісті. Оның айтуынша, Қазақстанның осы тұрғыда Орталық Азия елдерінде көш бастауының әлеуеті зор.

 

АГРИС ПРЕЙМАНИС, ЕҚДБ-НІҢ ҚАЗАҚСТАН БОЙЫНША БАСШЫСЫ:

 - Қазақстанның өз аймағында үздіктердің алдын бастауы үшін әлі қыруар жұмыс тындыруы керек. Ол үшін елде мүмкіндіктер баршылық.  Қазақстан өзгеге бәсекелес болатындапй тұрақты саясат пен қарқынды дамыған экономикасы бар мемлекет. Еуропаның қайта құру және даму банкі мұндағы жаңа бастамаларды қаржылай қолдауға ниетті.

«Бұл мақсатқа жетудің күні алыс емес»,- дейді Еуропаның қайта құру және даму банкінің Қазақстан бойынша басшысы Агрис Прейманис. Өйткені бүгінде елде қайта жаңғырту мен инновациялық жобалар көптеп жүзеге асырылып келеді.

 

АГРИС ПРЕЙМАНИС, ЕҚДБ-НІҢ ҚАЗАҚСТАН БОЙЫНША БАСШЫСЫ:

 - Қазақстан бұған дейін барлық ірі орталықтардан алшақтау еді. Бұл жағдай Жаңа Жібек Жолы жобасының іске асырылуынан бастап  түбегейлі өзгерді. Бүгінде осы бастама ірі халықаралық нарыққа енуінің басты қаруы десем артық айтпаймын. Қазақстан аталмыш халықаралық сауда  жолының бойындағы  Қытай нарығынан Еуропаға көпір болар аса ірі мемлекет. Бұл ел алдында үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Астанада халықаралық қаржы орталығының дамуына үлкен сеп болады.

Жасыл экономикаға өту бастамасын әлем елдерінің көбі мақсат етіп отыр. Қазақстанда «жасыл» технологиялардың дамуы - экологиялық мәселелерді шешумен қатар, инвестициялық тартымдылық пен жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыра түспек. Халықаралық қаржы-несиелік ұйым жыл басынан бері елімізге 481 млн доллар инвестиция құйған. Аталған соманың жартысынан көбі жасыл экономика саласына бөлінген

 

АГРИС ПРЕЙМАНИС, ЕҚДБ-НІҢ ҚАЗАҚСТАН БОЙЫНША БАСШЫСЫ:

 - Болашақ энергиясы тақырыбы экология не жаңғыртылатын энергия мәселесі ғана емес, оның мәні мен маңызы кең. Компаниялардың энерготиімділігін арттыру, жаңа энергияны өндіру мен оны қолданысқа енгізу, жасыл қаржыландыруды дамыту елдің бәсекеге қабілеттілігінің нышаны. Қазақстанның географиялық орналасуы инфрақұрылым мен тауар тасымалы үшін тиімді.

Сондай-ақ Еуропаның қайта құру және даму банкінің жергілікті өкілі халықаралық институт Қазақстанда күн электр станциясының құрылысын қаржыландыруды жоспарлап қойғанын жеткізді. Баламалы қуат көзін өндіретін торап  «Байқоңыр» ғарыш айлағынан 130 шақырым жерде орналаспақ. Ал Шығыс Қазақстанда дәл осы тәртіппен жел электр станциясының инновациялық жобасы жүзеге асырылатын болады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер