Франция Қазақстанмен экономикалық және мәдени байланысты нығайтуға мүдделі. Еліміздегі Франция мемлекетінің елшісі Франсис Етьен осындай ойын жеткізді. Оның айтуынша, Франция Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті жоғары бағалап отыр. Айту керек, Франция еліміздің үшінші ірі инвесторы. Оның Қазақстанға бағыттаған инвестиция көлемі 13 млрд долларды құрайды. Бизнесмендер арасында мұнай-газ, тау-кен өндірісі салаларындағы жобалар қызығушылыққа ие. Ал Қазақстан болса, Еуропа еліне уран жеткізетін ірі әріптес. Қазіргі таңда француз капиталының қатысуымен елімізде 150-ден астам компания жұмыс істейді. Экономикалық байланыспен қатар мәдениет, білім салаларындағы әріптестік те нығая түсуде.

 

ФРАНСИС ЕТЬЕН, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ФРАНЦИЯ ЕЛШІСІ:

 - Біз барлық бағыттар бойынша диалог орнатуды көздедік. Биыл 650-ден астам қазақстандық студент Францияда білім алды. Екі елдің жоғарғы оқу орындары мен мектептері арасында 30-ға жуық меморандумға қол қойылған. Ұлттық музейлеріміз де тығыз байланыста. ЭКСПО аясында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

Франсис Етьеннің айтуынша, Қазақстан мен Франция саясатының басым бағыттары бір-біріне ұқсас. Ол терроризммен күрес және климаттың өзгеруіне байланысты қолға алынған шараларды атап өтті. Елші Франция Қазақстанның халықаралық аренадағы қадамдарын қолдайды деп отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер