Малайзия Маңғыстау облысына 1 млрд долларға жуық инвестиция құюға мүдделі. Бұл жөнінде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында өткен Малайзия-Қазақстан бизнес форумында белгілі болды. Тараптар жасасқан меморандумға сәйкес шетелдік компания алдағы жылдардың ішінде аталған өңірдің экономикасына қаржы тартуға демеу жасамақ. Ал жергілікті әкімдік болса құжаттағы мақсаттарға жетуге қолдау жасап, инвестицияларды қорғау мәселесінде жәрдем береді. Есесіне Маңғыстау аймағында мұнай мен газ, құрылыс, электр энергетикасы, сумен қамтамасыз ету, туризм сынды салаларда бірлескен инфроқұрылымдық жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. «Бұл бастама өлкенің инвестициялық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға сеп болады»,-дейді мамандар. 

 

ДАТУК АХМАД ХАДЖИ МАСЛАН, МАЛАЙЗИЯ САУДА МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бұл меморандум екі ел халқының әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы тағы бір маңызды кезең болып саналады. «ЭКСПО-2017» көрмесіне Малайзия үкіметінің 90-нан астам мүшесі мен жеке бизнес өкілдері қатысуда. Бұны ескерсек, алдағы уақытта қос мемлекеттің іскерлік қауымдастықтары арасында өзара келіссөздер жүргізіліп, бірқатар шарттық құжатқа қол қойылады деп сенемін.

 

Бұл орайда Қазақстан Малайзияның ТМД елдері арасындағы 4-ші ірі сауда әріптесі екенін айта кеткен жөн. Былтыр қос елдің өзара тауар айналымы 49,22 млн. доларға жеткен. Тараптар арасындағы бұған дейінгі алыс беріс көрсеткішімен салыстырсақ өсім 36 пайыздан асып жығылады. Әсіресе еліміздің осы сырт мемлекеттен тасымалдайтын импорты 109 пайызға ұлғайғаны байқалады. Жалпы бүгінде өз капиталымен республика аумағында 8 малайзиялық компания жеке кәсібін дөңгелетіп жүр. Негізінен мұнай-газ саласын барлау саласы.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер