Еліміздің инвестициялық әлеуетін арттыру. Шетелдік инвесторларға Қазақстанда төл кәсібінен нәсіп табудың тиімді жолдары мен мүмкіндіктері таныстырылды. Сыртқы істер министірлігінде құрметті консулдардың алғашқы съезі өтті. Қадірменді меймандар үшін танымдық маңызы зор шара республикамыздың дипломатиялық байланыстарына ширек ғасыр толуына орай ұйымдастырылды. Басқосуға жергілікті және шетелдің 130-дан астам құрметті консулы қатысты. Мақсат – сырт елдің бизнес қауымдастықтары үшін елімізде жасалып жатқан жағдайларды жан-жақты түсіндіру және сол ақпаратты консулдар арқылы барлық инвесторларға жеткізу. «Шетелден қаржы тартып, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығару үшін бүгінде, бізде бар жағдайлар жасалып отыр»,-дейді, жергілікті мамандар.

 

ЕРЛАН ҚАЙЫРОВ, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

– Үкімет еліміздің инвестициялық әлеуетін артырып, тартымды ете түсуге басымдық беріп отыр. Бұл орайда бар жұмыс халықаралық талаптарға сай жүргізілуде. Жақында экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Қазақстанды инвестиция бойынша комитетіне мүше болуға ұсыныс жасады. Бұл біздің осы бағыттағы жатқан жұмысымыздың дұрыс жолда екенін білдіреді. Бүгінде еліміз инвесторлар үшін бизнесін жүргізуге тиімді үздік 25 мемлекеттің қатарында.  

 

Елімізде еңгізілген визасыз режим мен салықтық жеңілдіктер инвесторлардың алдында үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Өз ісін бүгінгі нарық талабына сай жүргізем деушілер үшін республика аумағындағы арнайы 10 экономикалық және 20 индустриалды аймақ қарастырылған. Бұл ұсыныстар биылдың алғашқы тоқсанында сырттан құйылатын жалпы тікелей инвестиция көлемінің 20 пайызға дейін артуына сеп болды. Айта кетейік, соңғы он екі жылда ел экономикасына 245 миллиард доллардан астам шетелдік қаржы тартылды.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер