Қазақстан мен Германия бірлескен инновациялық орталық құрады. Бұл туралы технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің басқарма төрағасы Марат Омаров мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан бұл жобаға демеуші болады. Ал Германиялық тарап өздерінің мол тәжірибесімен бөліспек. Жаңа орталықта жоғары оқу орындарының қызметкерлері оқиды. Жобаның алғашқы 5 жылдық бюджеті шамамен 15 миллион доллар шамасында.

 

МАРАТ ОМАРОВ, ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ДАМУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ АГЕНТТІКТІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Бұл ең алдымен бізге білікті кадрлар дайындауға мүмкіндік береді. Алаңда қосарлы оқыту тәсілі қолданылады, яғни оқу және тәжірибе жинақтау мүмкіндіктері беріледі. Әзірге бірлескен инновациялық орталық құруды ғана талқыладық. Бізден - қаржыландыру, неміс әріптестерімізден ноу-хау, білім, бірінші білім беру модульдері, тренингтер, тәжірибелік семинарлар күтеміз.

Айта кету керек, елордада өткен Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің оныншы отырысында екі ел арасында 22 коммерциялық келісімге қол қойылды. Ұсынылған жобалардың бесеуі жаңартылатын энергия көздері саласындағы жоғары технологиялы өндірістерге жатады.

 

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

 - Құрылыс саласында «Хайделбек цемент» сынды бірқатар құрылыс саласындағы компаниялармен келісім жасалды. Ал энергиямен қамту бойынша DENA-мен екіжақты құжатқа қол қойылды. Сондай-ақ Энергетика министрлігі Сименс компаниясымен келісім жасап отыр. Бұл энергетиканы цифрландыруға жағдай жасамақ. Неміс инвесторлары Қазақстанда жұмыс жасауға ниет танытуда.

 

УВЕ БЕКМАЙЕР, ГФР ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ЭНЕРГЕТИКА ФЕДЕРАЛДЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

 - Қазақстанның энергетикалық жүйелерінде қайта құру үдерісі басталды. Оған ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбы дәлел. Мен мұны жоғары бағалаймын. Бұл бағытта Қазақстан үлкен нәтижеге қол жеткізуі тиіс. Германия да көмір өндірісін азайтты. Бұл кешенді де ұзақ үдеріс. Бастысы жұмысты сатылай іске асыру.

 

Мұнымен қатар Қазақстан мен Германия арасында жүктерді тасымалдау үшін транзиттік әлеуетті пайдалану бойынша келіссөздер жүргізілді. Мәселе инфрақұрылым мен логистикаға байланысты. Қытайдан Еуропаға бағыт алатын тауарлардың жететін соңғы нүктелерінің бірі Дуйсбургте екені белгілі.

 

ЭГХАРТ ФРАНЦ, ГФР ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бізді ең алдымен өнеркәсіп қызықтырады. Қазіргі таңда Қазақстан экономикасын әртараптандыруда. Бұл үлкен мүмкіндіктер ашады. Сондай-ақ Қазақстанмен «жасыл» энергетика саласында да әріптестік орнатуды көздеп отырмыз. Бұл «ЭКСПО-2017» аясында аса маңызды.

Соңғы 12 жылда Германия Қазақстанға 4 млрд АҚШ долларынан астам сома инвестициялаған. Қаражаттың дені өңдеу өнеркәсібіне бағытталып отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер