Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері Оңтүстік Кореяның сауда-өнеркәсіп палатасында таныстырылды. Дипломаттар еліміздің көліктік және транзиттік әлеуеті туралы баяндап, сарапшылардың сұрақтарына жауап берді. Оңтүстіккореялық зерттеу институтары қызметкерлерін баламалы энергия көздерін пайдалану жоспарлары қызықтырады. Өйткені, Қазақстан үкіметі «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасында баламалы және жаңартылатын электр энергиясының үлесін 2050-інші жылға қарай 50 пайызға жеткізу мақсатын қойып отыр.

 

ОЛЖАС РАЕВ, ҚР ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАҒЫ ЕЛШІЛІГІНІҢ АРНАЙЫ КЕҢЕСШІСІ:

 - Еліміздің аумағы бүкіл Батыс Еуропадан үлкен. Сондықтан бізге баламалы энергия қажет. Өйткені кейбір елді мекендер ірі электр желілеріне қосылмаған. Қазір бізде баламалы қуат көздері арқылы жарық өндіру екі пайызды құрап отыр, екі мың жиырмасыншы жылға дейін бұл қөрсеткіш үш пайызға, ал екі мың отызыншы жылға дейін он пайызға жетеді деген жоспар бар. Баламалы энергияны пайдалану - бәсекеге қабілетті технологиялар пайда болса өседі. Ал қазір Қазақстанда электр энергиясын көмір арқылы өндіру тиімді.

 

КАН САН ИН, КОРЕЯ ҚОРШАҒАН ОРТА ИНСТИТУТЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Елшіліктің өкілі инвестиция туралы жете түсіндірді. Бүгінгі шара Қазақстан мен Корея арасындағы қатынастарды нығайтуға үлес қосады деп ойлаймын. Корейліктер Қазақстанды бауырлас, Орталық Азиядағы ең ірі, тұрақты қоғамдық-саяси жүйесі бар және инвестиция құюға лайықты мемлекет ретінде біледі. Қазақстанның үлкен аумағы ауыл шаруашылық саласында бірге жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Мысалы, оңтүстіккореялық жол корпорациясы еліміздің көлік инфрақұрылымын дамыту жобаларын инвестициялауға дайын. Корпорация өкілдері Қазақстан елшілігінің қызметкерлерімен кездесіп, интеллектуалды көлік жүйесінің жұмысымен танысу барысында баяндады. Жол бойында орнатылған бейнекамералар әр шақырымды бақылауға мүмкіндік береді. Жүйе автоматты түрде көліктің маркасын, жылдамдығын анықтап, барлық қажетті ақпаратты ұсынады. 2020-шы жылға дейін корпорация жаңа жол учаскелерін іске қосып, сапалы жолдар салып бітіреді.

 

ПАК САН УК, ОҢТҮСТІК КОРЕЯ ЖОЛ КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Мемлекеттік корпорацияның басқаруында төрт мың шақырым жол бар. Жол құрылысы Кореяның дамуына үлкен үлес қосты. Біз елу жылдық тарихы бар жол салу және жол басқару технологиялары туралы Қазақстанмен бөлісуге дайынбыз. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер