Қазақстан мен Грузия арасындағы тауар айналымын арттыру. Тбилисиде өткен бизнес форум қатысушыларының ортақ мақсаты - осы. Шара барысында қазақстандық жиырмадан астам компания өз өнімдерін таныстырды. Машина жасау, химия, тағам, металлургия және тағы басқа салалардың кәсіпорындары грузиялық сатып алушы және дистрибьюторлық компанияларымен ынтымақтастық келешегін талқылады.  

 

МЕЙРЖАН МАЙКЕНОВ, «KAZAKH INVEST» ҰК АҚ  БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазақстандық өндірушілердің грузиялық тұтынушыларға ұсынатын тауарлардың ассортименті ауқымды. Бүгін бірнеше келіссөз өткіздік. Грузия тарапынан қызығушылық жоғары екенін байқадық. Осы шара барысында жаңа келісімшарттар бекітіліп, екіжақты сауданы кеңейтуге өз үлесімізді қосамыз деген сенімдемін.

 

АНДРО ЛАБАХУЯ, ГРУЗИЯ СУПЕРМАРКЕТТЕР ЖЕЛІСІНІҢ ӨКІЛІ:

 - Грузиялық және қазақстандық компаниялар үшін өте қызықты және пайдалы кездесу ұйымдастырылып отыр. Менің ойымша, қазақстандық өндірушілер үшін Грузия нарық ретінде ғана емес, Еуропаға шығар жол ретінде де қызықты. Бұл жерде өте маңызды бизнес-байланыстар орнайды.

Бұл – Тбилисиде ұйымдастырылып отырған осындай бесінші кездесу. Өткен сауда миссияларының қорытындысы бойынша грузиялық және қазақстандық кәсіпкерлер арасында жалпы құны 10 миллион доллар болатын келісімшарттарға қол жеткізілген.

 

ЕРМҰХАМЕТ ЕРТІСБАЕВ, ГРУЗИЯДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІСІ:

 - Дәл қазір мен сұхбат беріп тұрған уақытта біздің кәсіпкерлер тиімді келісімшарттарға қол қойып жатыр. Бұл мені қуантпай қоймайды. Грузия тарапын «Қазақстанның экспорттық өнімдері» кітабы таң қалдырды. Қазақстандық бизнестің өндіретін тауарларының түрлері өте көп екен. Шынын айтсам, өзім де таң қалдым.

Грузиядан басқа, қазақстандық өндірушілердің өнімдері Ресей, Қытай, Өзбекстан және Моңғолия елдерінде де таныстырылмақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер