Транскаспий транзиттік көлік дәлізін дамытудың басым бағыттары Вашингтондағы форумда талқыланды. Еліміздің АҚШ-тағы елшісі Ержан Қазыханов «Нұрлы Жол» бағдарламасының жүзеге асу барысы мен халықаралық «Жібек Жолы» жобасына кеңірек тоқталып өтті. Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Түркменстан және Ауғанстан елшіліктері мен Орталық Азия және Кавказ институтының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған форумға 6 елден делегаттар келді. Сонымен қатар, АҚШ сауда министрлігі, Бүкіләлемдік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі және көлік-логистикалық компаниялардың өкілдері қатысты.

 

СЕРГЕЙ АНАШКИН, «KTZ EXPRESS» АҚ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазір бізде транскаспий бағытындағы NOMAD EXPRESS атты тұрақты жүк сервисі бар. Ол Қытайдан Еуропаға дейінгі 11 000 шақырымды 14-15 тәулікте басып өтеді. Сонымен қатар, Қытай тауарларын Қазақстаннан транскаспий инфрақұрылымы арқылы Түркияға тасымалдау бағыты да дамып келеді. Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты осы қозғалыс бағытының мүмкіндігін көрсету болатын.

 

СТИВ ШАБОТ, КОНГРЕССМЕН:

 - Бұл форумның өтуі АҚШ үшін ғана емес, басқаларға да маңызды екенін айта кеткен жөн. Егер қоғам тұрақты дамуды қаласа, алдымен инфрақұрылымға жағдай жасау керек. Яғни құбыр желісі мен жүк порттарына және жолдарға көңіл бөлген дұрыс. Мұндай инфрақұрылымды құру үшін аймақтағы мемлекеттердің тығыз қарым-қатынасы керек. Тасымалдау саласындағы инновациялық шешім мен жетекші компаниялардың да өзара байланысы қажет. АҚШ осы бағытта жұмыс істеуге әзір.     

Батыс пен шығысты жалғайтын Баку-Тбилиси-Карс теміржолы Транскаспий транзиттік дәлізіне кіреді.  Қазақстан бұл бағыттың жүзеге асуына мүдделі. Әрі негізін қалаушылардың бірі. Сондықтан бірыңғай тариф пен жүк айналымын арттыру жолдарын қатысушы мемлекеттермен бірге іздейді.

 

БЕЙБІТ ИСАБАЕВ, ӘЗЕРБАЙЖАНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІСІ:

 - Бұл темір жол бағытының маңызы зор. Бастауын Қытайдан алатын көлік дәлізі Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Сосын Орталық Азияға қарай жылжиды. Бірінші тармағы Ресей арқылы Еуропаға жол тартса, екінші тармағы Ақтаудағы Құрық портымен Алятқа жөнелтіледі. Сосын Баку темір жолымен Түркияға арқылы Еуропаға шыға аламыз. Бұл тасымал дәлізі Қазақстан үшін тиімді. 

 

ПААТА ЦАГАРЕИШВИЛИ КӨЛІКТІК ДӘЛІЗДІ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Баку, Тбилиси - Карс теміржолы-Орталық Азия елдері үшін өте маңызды жоба саналады. Соның ішінде әсіресе, Қазақстанды атап өткім келеді. Сіздердің елдеріңіз басынан бастап теміржол құрылысына  баса мән беріп, қызығушылық танытты. Бұл жолмен 10 млн тоннаға дейін мұнай өнімдерін тасымалдау жайында әңгіме болған.

 

Транскаспий бағытының мүмкіндіктері ЕХРО-2017 көрмесі аясында Астанада өткен экономикалық форумда да талқыланды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер