Қазақстан Каспий ойпатында кең көлемді геологиялық зерттеу жүргізеді. Еліміз мұнай мен газды 15 мың шақырым тереңдіктен алуды жоспарлап отыр. «Еуразия» деп аталатын халықаралық жоба еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінің іргетасы болмақ.

 

БАЛТАБЕК ҚУАНДЫҚОВ, «ЕУРАЗИЯ» ЖОБАСЫНЫҢ БАС ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

 - Қанша керемет болғанымен, ертең теңізіміз де, Қашағанымыз да шарықтау шегіне жеткеннен кейін, мысалы 15-20 жылдан кейін ол төмен түсе бастайды. Сол кезде біз оның орнын толтыратын мұнай көздерін қазір бастап іздеуіміз керек. Жоба соған арналған.

 

ҰЗАҚБАЙ ҚАРАБАЛИН, «KAZENERGY» ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бұл проект үш этапқа бөлінеді. Соның ішіндегі бірінші-екінші кезеңі геологиялық жұмыс болса, үшінші этапта 14-15 мың метрге дейін тереңдігі скважиналар деп жоспарланып отыр. Дүние жүзінде ондай тереңдікте қазылмаған. Сондықтан бұл әрине өте амбицилық жоғары деңгейдегі құжат деп есептейміз.

 

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен компаниялар тобы және Энергетика министрлігі мен Инвестициялар және даму министрлігінің геологиялық және жер қойнауын пайдалану комитеті өзара түсіністік туралы меморундумға қол қойды.

 

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

 - Мамандар айтып жатыр, жалпы терең горизонтта осы прикаспийскии впадинада 50 миллиард тоннадан астам мұнай болуы мүмкін. Осы мұнайдың бағасы төмен болғанда, жалпы халықаралық мұнай компанияларының жағдайы онша емес болғанда, біздің Қазақстанның инвестициялық климаты негізгі ресурстар бар болған соң, осы жұмыс оң нәтижесін беріп жатыр.

 

Еліміздің баламалы энергетиканы дамыту саласындағы жоспары да зор. Мәселен, бүгінде Қазақстанда жалпы қуаты 300 МВт болатын 50 жел, күн және электр стансасы бар. Енді бұл көлемді ұлғайту көзделуде. Бұл істі Қазақстан Даму банкі және Грин Энерджи жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізеді. Қазақстанның жасыл экономика саласындағы бастамаларын Еуропа қайта құру және даму банкі қаржыландырмақ. Жаңартылған энергия көздері жобаларына 200 миллион АҚШ доллары бөлінеді.

 

АГРИС ПРЕЙМАНИС, ЕУРОПА ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ ДАМУ БАНКІНІҢ ҚАЗАҚСТАН БОЙЫНША БАСШЫСЫ:

 - Жобалардың құны 200 миллион доллардан астам. Бұл қаражатты біз ұлттық валютада беретін боламыз. Қазақстанда 2015 жылдан бері күн электр станцияларының екі жобасын іске асырдық. Соның арқасында сіздердің елде баламалы энергия көздерінен алынатын қуат бүгінге дейін жылына 300 МВт болса, енді оның көлемі екі есе, яғни 700 МВт-қа дейін жеткізіледі.

 

Мамандардың сөзінше, 2020 жылға дейін Қазақстанда өндірілетін бар энергияның 3 пайызы жаңартылған қуат көздерінің үлесі болуы тиіс. Десе де, жасыл экономикаға біртіндеп көшіп жатқанда, шикізаттық қорды қалыптастыру жоспары кешенді түрде жалғаса бермек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер