Қазақстан Президенті инвесторларды «жасыл» қаржыландыру, бизнес климатты жақсарту сынды салаларды бірлесіп дамытуға шақырды. Елбасы атап көрсеткендей, 2020 жылға дейін елімізде баламалы энергия көздерімен айналысатын 50-ден астам компания ашылады. Олардың жалпы қуаттылығы 2 мың мегатватты құрайды. «Ал, 2050 жылға дейін Қазақстандағы баламалы энегрия көздері 50 пайызға жетуі тиіс»,-деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Елбасы бұл бағытта ғылыми зерттеулер жүргізу қажеттілігін қадап айтты. Ол үшін жауапты ведомстволар мен ел университеттері қарқынды жұмыс жүргізуі керек. Бұған қоса, Президент баламалы энергия көздері саласындағы жобаларды жүзеге асыру барысында аукцион жүйесін енгізу қажет деген пікір білдірді. Оның айтуынша, жаңашылдық заман талабына сай технологияларды қолданатын ең тиімді бағдарламаларды іріктеп алуға мүмкіндік береді.

 

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Биыл Шетелдік инвесторлар кеңесінің құрылғанына 19 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде кездесулер жақсы дәстүрге айналды және талай шаруа тындырылды. Бұл кеңес Қазақстанның экономикалық дамуы тұрғысында көптеген маңызды мәселелер талқыланған маңызды алаңға айналды. Бүгінгі отырыстың тақырыбы – «Жаңа энергетика». Біздің еліміз үшін энергетикалық сектордың маңызы зор. Табиғи ресурстарының мол қорына қарамастан, Қазақстан жаңғыртылатын энергия көздерін белсенді түрде дамытпақ. Осы орайда «жасыл» экономикаға өту бойынша арнайы тұжырымдама іске асырылуда. Біз «жасыл» технологиялар орталығын құру туралы бастама көтердік. Ол ЕХРО көрмесі өткізілгеннен кейін жұмысын бастайды. Энергетиканың жаңа секторын дамыту үшін мүмкіндіктерімізді барынша пайдалануымыз керек.

 

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев еліміз экологиялық мәселелерді әрдайым назарда ұстайтынын айтты. Осы орайда алқалы жиынға қатысқан «Эни» компаниясының бас атқарушы директоры Клаудио Дескальци сөз сөйлеп, Қазақстанның бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстарын толық қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы 10 жыл ішінде елімізде көмірқышқыл газдың шығарылуы 20 пайызға төмендеді. Кәсіпкер Қазақстанның жел және күн энергиясын пайдаланудағы әлеуеті зор екендігін хабарлады.

 

КЛАУДИО ДЕСКАЛЬЦИ «ЭНИ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біздің ойымызша, мұндай жобаларды жүзеге асыру энергияны пайдалану жүйесін жетілдіруге сеп болады. Көміртек шығарылуын азайтып, электр энергиясын өндіру жүйесін өзгертеді. Қазіргі таңда біз қуаттылығы 550 мегаватт болатын 25 ірі жобаны бірлесіп жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта Қазақстанда инвестициялық климатты жақсарту мақсатында жергілікті  үкіметпен бірге осындай бағдарламаларды енгізуді көздеп отырмыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер