Анкарада Қазақстан президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы талқыланды. Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінде өткен жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен халықаралық ұйым басшылары қатысты. Жаһандану заманында өскелең ұрпақтың бойына ұлттық сананы қалыптастырып, уақыт талабына сай сапалы білім беру қазіргі түрік қоғамын да толғандырып отырған өзекжарды мәселенің бірі. Өйткені Түркия 2023 жылы әлемнің ең дамыған 10 елдің қатарына енуді діттеп отыр. Әлбетте, бұл межені бағындыру әлеуметтің әлеуетіне тікелей байланысты екені даусыз. Оны түрік зиялылары да жақсы біліп отыр. Сондықтан олар Қазақстанның рухани жаңғыру жолындағы бағыт-бағдарын жіті зерттеп, зерделеді.

 

ДЕРЬЯ ӨРС, ТҮРКИЯ ҮКІМЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ МӘДЕНИЕТ, ТІЛ ЖӘНЕ ТАРИХ ЖОҒАРЫ ҚҰРЫЛЫМЫ БАСШЫСЫ:

 - Кешегі мен ертеңгі құндылықтарды сақтау үшін қазірден бастап нақты ұсыныстар келтірген. Сондықтан мен бұл мақаланы «Әлемдік манифест» деп атар едім. Өйткені ел ғана мәңгі болмау керек, мемлекет те мәңгі болуы тиіс. Міне, осы тұрғыдан келгенде, бұл мақала бәріміз үшін өте құнды.

 

Алқалы жиынға қатысқан Түркияның бұрынғы мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек Елбасының Ататүріктей көреген саясат жүргізіп отырғанын атап, бағдарламада көтерілген мәселелердің қазіргі Түркия үшін де көкейтесті екендігін және латынға көшу бойынша Қазақстан Үкіметінің өте құптарлық саясатты ұстанғанын жеткізді.

 

ХАЛЮК ИПЕК, ТҮРКИЯ ҰЛЫ ҰЛТТЫҚ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Қазақстан Президенті мақалада уақыт тамырын дөп басып, қоғамның қажеттілігіне жарайтын дүниелерді саралап  ұсынып отыр. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек»-дейді. Осылайша, Қазақ елінің көшбасшысы халықты рухани жаңғыруға шақырып отыр. Сондықтан бұл үндеу ел бірлігін нығайтып, тұрақтылығын бекемдей түсетініне кәміл сенемін.

Жиын соңында түрік зиялы қауым өкілдері мақалада көтерілген негізгі бағыттардың тек Қазақстан үшін ғана емес, түбі бір түркі тілдес халықтарының рухани жаңғыруына аса қажетті екендігін айтып,  бағдарламаның жүзеге асуына тілектестік білдірді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер