Астанадағы ЕХРО-2017 көрмесі жаңа бизнес әріптестер табуға мүмкіндік береді, дейді италиялық іскерлер. Spea Engineering 50 жыл бойы жол салумен айналысады. Темір жол мен әуежайлар құрылысын жобалауға да қатысады.  Қазақстанда компания алғашқы қадамын Алматыдағы үлкен айнамалы жолдан бастаған.  Қызығушылығы арта түскен инженерлер ынтымақтастық аясын кеңейту үшін енді Елордадағы ЕХРО-ға аттанбақ.

 

ДЖУЛИЯ НАПОЛИТАНО, SPEA ENGINEERING  КОМПАНИЯСЫНЫҢ ИНЖЕНЕРЛІК ӨКІЛІ:

 - Италиялық компаниялар үшін ЭКСПО көптеген мүмкіндік туғызары сөзсіз. Қазір Қазақстанда жұмыс істейтін әріптестерім көлік саласында  қызмет етіп жүр.  Жалпы, қазақ елі жаңашыл қадамдар  жасауға жол ашып отыр.

 

ФРАНЧЕСКО ВЕНТУРА, VDP КОМПАНИЯСЫНЫҢ ИНЖЕНЕРЛІК ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз Қазақстандық «ойыншыларды» нарықта көреміз деген үміттемін. Біздің технологияларға қызығушылық танытатын компаниялармен етене танысқымыз келеді. Қазақстанға ноу-хау енгізіп , жергілікті өңірді жете зерттеп, серіктестермен келісімшарт жасауға дайынбыз.

VDP көлік саласында жұмыс істейді. Негізі, инженерлердің діттегені басқа. Олар тың жобаларды зерттеп-зерделеп, оның қоршаған ортаға залалын азайтуды көздейді.  Ауаның ластануын азайту, шудың адам өміріне келтірер кедергісін кеміту басты назарда болмақ. Бүгінде бір де бір инфрақұрылымдық нысан бұл өлшемдерсіз салынбайды.

 

ГАБРИЕЛЕ ШИКОЛОНЕ, OICE ИНЖЕНЕРЛІК ЖӘНЕ СӘУЛЕТ КОМПАНИЯЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қазақстан географиялық жағынан қолайлы қоныстануының арқасында шығыс пен батыс арасындағы коммуникациялар тоғысатын тиімді торап болуы  мүмкін. Сонымен қатар инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы үшін халықаралық орталыққа да айналуы бек мүмкін. Біз болашақта қай бағытта ынтымақтастық жүргізіп,  қандай  жобаға инвестиция құюға болатынын білгіміз келеді.  Жалпы, темір жол және көліктік күре жолдар құрылысында Италияның тәжірибесі мол екенін айту керек.

 

Серіктестер кездесуі  13-ші шілдеде Италияның ұлттық павильонында өтеді. Осы елдегі инженерлік және сәулет компаниялар қауымдастығының президенті басқосудың нәтижелі болатынына еш күмән келтірмейді. Қазақстан тарапынан KNAPEC – отандық кәсіби инженерлер қауымдастығы мен салалық министрлік өкілдері қатысады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер