Қазақстан ЕХРО көрмесін ұзақмерзімді жұмыс істейтін модельге айналдыра алады. БҰҰ-ның даму бағдарламасы энергетика бөлімінің басшысы Марсель Алерстің көрме ғимаратында жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығын құру идеясына қатысты ойы осындай. Оның айтуынша, орталықтың баламалы энергия көздері бойынша тәжірибе мен маман алмасатын зертханаға айналуы әбден мүмкін. 3 ай бойы алатын тәжірибе Қазақстанға таза энергияны дамытуда Орталық Азияда алдыңғы қатарлы рөлге ие болуына жағдай жасайды, -дейді Марсель Алерс.

 

МАРСЕЛЬ АЛЕРС, БҰҰ ДБ ЭНЕРГЕТИКА БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Бірнеше күн бұрын министрлікте өткен жиында Қазақстан үкіметіне жаңа жасыл технологиялар орталығын құруға қолдау көрсету жөніндегі декларация қабылданды. Біріккен ұлттар ұйымы сынды халықаралық ұйымдар бұл жобаға демеу көрсетпек. Қазақстанда жел мен күн сынды баламалы энергия көздерінің  бай қоры бар. Таза энергияны дамытуды халықаралық қауымдастық қолдауға әрқашан әзір.

 

«Орталық біздің өңірімізге үздік «жасыл» технологиялар мен «жасыл қаржы» тартуға сеп болады,-дейді тиісті министрліктегілер. Орталық энергетика секторын трансформациялау, қалалардың тұрақты дамуы, «жасыл» бизнесті және «жасыл» қаржыландыруды дамыту сынды бағыттар бойынша жұмыс жасамақ. «Жасыл» технологиялар орталығының тұжырымдамасын БҰҰ-ның даму бағдарламасы мен Энергетика министрлігі бірлесе әзірлеген болатын.

 

ҒАНИ СӘДІБЕКОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - ЕХРО аяқталысымен, көрме ғимараттарының бірінде осы орталық ашылады деп жоспарлап отырмыз. Негізінен, халықаралық болады. Қаражаттың біраз бөлігін Қазақстан үкіметі бөледі деп күтілуде. Қалғанын халықаралық ұйымдар бөліп, ұйымның тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді деп есептейміз.

Жобаға жұмсалатын қаражат пен қызметкерлер саны әлі нақты белгісіз. Алайда оның алдағы мақсаттары мен міндеттері айқын.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер