Маңғыстау облысы Шетпе кентінде күннен қуат алатын станция салынады. Пилоттық жобаны қаржыландыратын шетелдік инвесторлар мен облыс әкімдігі арасында екіжақты әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. 2018 жылдан бастап 17 мыңға жуық тұрғыны бар Маңғыстау ауданын электрмен толық қамтитын кәсіпорын құрылысына 20 млн АҚШ доллары жұмсалады. Қуаты 12 мегаваттық станцияның бой көтеруіне жергілікті жерден 80 адам тартылмақ. Тағы 50 азамат Астанада білімін шыңдаған соң тұрақты жұмысқа алынады. «Жасыл энергетика» саласы бойынша өлке тарихындағы алғашқы ірі жоба жүзеге асса, электр қуатын халыққа қолжетімді тарифпен сату жоспарда бар.

 

САПАР АМАНБЕКОВ, ӨҢІРЛІК ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Маңғыстау ауданынан бастайын деп отырмыз. Сонымен қатар Мұнайлы ауданы, Батыр елді мекеніне 2 мегаваттық қондырғы қоямыз деп отырмыз. Сонымен қатар, Түпқараған ауданының Ақшұқыр аулынында желден қуат алатын 5 мегаваттық қондырғы қойылады. Жалпы, болашақта мұндай жоба көбейген соң тариф құны түседі деп ойлаймыз.

 

АЗАТ БЕТЕКБАЕВ, ЖОБАҒА ИНВЕСТИЦИЯ САЛУШЫ КОМПАНИЯ БАСШЫСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ /ФРАНЦИЯ/:

 - Маңғыстау облысын таңдаған себебіміз – мұнайлы өңір экономикалық даму көрсеткіштері бойынша қарқынды өсіп келеді. Екіншіден, бұл аймақта күн сәулесінің белсенділігі аса жоғары. Қыс мезгілінде қар сирек түсетіндігін де ескерсек, бұл жобаның тараптар үшін тиімді екеніне күмән жоқ.

Қазақстандағы ең ірі жел электр станцияларының бірі Жамбыл облысында орналасқан. Мұнда жылына 50 миллион кВат/сағатқа дейін электр қуаты өндіріледі. Бұл өңірдегі 150 мыңға жуық халқы бар Қордай ауданын толық электр энергиясымен қамтамасыз етуге жеткілікті. Жалпы құны 12 млрд теңгені құрайды. Жоба Индустриаландыру картасы мен «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландырылған.

 

МАРАТ ТОҚБАЕВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Жобаның жүзеге асырылуы өңірдегі электр қуаты тапшылығын төмендетуге мүмкіндік берді. Қазір жалпы еліміз бойынша баламалы энергия көздерінен өндірілетін электр қуаты 3 пайызды құрайды. 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті 20 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер