Биылғы жыл – Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы. Осы ауқымды шара екі ел үшін қаншалықты табысты болмақ? Бұл мәселе Бейжіңде өткен туризм саласындағы ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Қытай туристік форумында талқыланды. Оған 50-ден астам отандық туроператор мен Қытайдың 300-ге жуық компаниясы қатысты.

Дэн Хайхун Қазақстанның таңғажайып табиғаты мен таза ауасы туристер үшін таптырмас орын деп тамсанады. Жергілікті туристік компания өкілі саяхаттаушыларды негізінен экотуризммен қызықтыратынын айтады. Өйткені қазір қытайлар үшін тамылжыған табиғат қана емес, таза ауамен тыныстау өте маңызды. Сондықтан биыл Қазақстандағы Қытайдың туризм жылын пайдаланып, барынша насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.

 

ДЭН ХАЙXУН, ТУРИСТІК КОМПАНИЯ ӨКІЛІ /ҚЫТАЙ/:

 - Биыл екі елдің туризм саласына серпін әкелген табысты жыл болады деп сенемін.  Ғажайып табиғат қана емес, Астанада өтетін ЕХРО көрмесі де қытайлық туристердің негізгі таңдауы болары анық. Бүгінге дейін біз әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында Қазақстанды таныстыру жұмыстарын жүргіздік. Қазір туристік виза ашып, Астанаға алғашқы топты жіберсек деп отырмыз.

 

Қытайдағы Қазақстан Елшілігінің консулдық қызметі EXPO қарсаңында күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен. Құжаттарды қабылдайтын терезе мен қызметкерлер санын артты. Электронды кезек пен төлем қабылдайтын терминалдар орнатылды.

 

НҰРАЛЫ БӨКЕЙХАНОВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Әрине бізде дамытатын жерлеріміз өте көп. Бірақ менің ойымша біздің компаниялар дайын. Өйткені өзіңіз көріп тұрғандай Қазақстаннан 50-ден астам компания келіп отыр. Барлығы қытай туристерімен жұмыс істеуге дайын және өздерінің ұсынатын белгілі бір турпакеттері бар.

Қазақстан қытайлық туристер үшін Астана мен Алматыда 72 сағат визасыз режим жүйесін енгізуі мүмкін. Яғни, қазақ жері арқылы транзитпен өзге елге ұшып кетеді немесе осы уақыт аралығында Бурабай, Қапшағай сияқты ойын-сауық орталықтарына барып үлгереді.

 

ЛИ ШИXУН, ҚЫТАЙДЫҢ ТУРИЗМ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Мұндай форумдар екі елдің осы саладағы әріптестігіне серпін береді. Сонымен қатар, Қазақстанның мәдениет және туризм вице-министрінің форумға қатысуы, оның маңыздылығын арттыра түсті. Осындай жиын арқылы екі елдің туризм саласындағы әріптестігін тағы бір сатыға көтереміз деп сенемін.

Қазір Қазақстан мен Қытай қалаларына аптасына 42 әуе рейс қатынайды. Таяуда Үрімші-Алматы-Астана және кері бағыттағы теміржол бағыты ашылады. Бұл ЕХРО-ға баратын туристер үшін ыңғайлы болып отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер