Қазақстанның «Нұр Отан» партиясы Сингапур елінің билеуші партиясымен әріптестікті нығайта түспек.

Сингапур Премьер-министрі Ли Сянь Лун осы елдегі Халықтық іс-әрекет партиясының Бас хатшысы да болып табылады. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарымен өткен кездесуде мемлекетаралық қана емес, сондай-ақ, партияаралық ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Кездесу соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед Сингапур Үкіметінің басшысына еліміз тәуелсіздігін жариялардан бірнеше ай бұрын, көрнекті қайраткер Ли Куан Ю мырзаның Қазақстанға келген сапары бейнеленген тарихи фотосуретті тарту етті.

 

МҰХТАР ҚҰЛ-МҰХАММЕД, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Сингапурдың экономикалық табысын бүкіл Батыс мойындады. Сондықтан біз Батысқа қарап бас шұлғи бермей осы Сингапур сияқты шығыстық үлгідегі партиялардың да іс-тәжірибелерін үйренуіміз керек. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы осы елдегі ең жетекші партия саналатын Халықтық іс-әрекет партиясымен әріптестік байланыстар орнатты.

Сингапур Қазақстанмен тек партияаралық емес, парламентаралық деңгейдегі диалогқа да әрдайым ашық екендерін жеткізді. Ел Парламентінің спикері Астанада өтетін ЕХРО көрмесіне Сингапур делегациясын бастап келеді. «Шағын ел – Үлкен идеялар» деген ұранмен бұл елдің павильоны көрмекге келушілердің жоғары бағасын алатыны анық.

 

ХАЛИМА ЯКОБ, СИНГАПУР ПАРЛАМЕНТІНІҢ СПИКЕРІ:

 - Қазақстан Президенті – елінің өркендеуі үшін барлық күш-жігерін жұмсап келе жатқан өте көреген саясаткер. Мен Астанаға сапарымды асыға күтіп жүрмін. Қазақстандық көрменің барлық әлемде «жасыл технологияларды» дамыту үшін серпін беретініне сенімдімін.

Сингапурдың даму моделін әлем елдері үлгі тұтады. Мәселен, Президент бастамасымен жүзеге асырылған «Болашақ» бағдарламасы осы Оңтүстік-Шығыс Азия елінен алынған. Қазірдің өзінде Сингапурде жүздеген студенттеріміз білім алуда Ал бұл екі ел арасындағы әріптестіктің болашағын айшықтай түседі.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер