«Астана» халықаралық қаржы орталығына шетелдік және отандық компанияларды тіркеу осы жылдың шілде айында басталады. Әлеуетті инвесторлармен сауалнама жүргізген Boston Consulting Group консалтингтік компаниясы қазақ жерінде жұмыс істеуге ниетті бизнесмендер мен ірі қаржы ұйымдары баршылық деген тұжырым жасаған.

 

ҚАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВ, АСТАНА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРУШЫСЫ:

 - Бүгінде Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен байланыс орнады. Сондықтан Азия нарығы қаржы орталығына ынталы деп айта аламыз. Оның ішінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур және Парсы Шығанағындағы елдер де бар. Ал Еуропа мен Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің қызығушылығы жоғары болатыны анық аңғарылды.

Орталықты биікке бастайтын алты бағыт айқындалып отыр. Бұл –  капитал нарығы, активтерді басқару, исламдық қаржы, қаржы технологиялары, жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару және «жасыл» қаржы саласы. Басымдықтардың басында капитал нарығы тұр. Ол – биржа. Құнды қағаздардың қайнаған ортасы.

 

МИРАС ДӘУЛЕНОВ, ҚҰҚЫҚ САЛАСЫНДАҒЫ Ph.D ДОКТОРЫ:

 - Биржа болатыны түсінікті. Бірақ әлемде ірі Нью-Йорк және Токио биржалары бар. Биржа ол – нарық. Ол жерде әркім тауарын өткізуге талпынады. Мәселен менің құнды қағаздарым болса, мен оны екі сатып алушысы бар орталыққа апармаймын ғой. Өйткені маған тауарымның өтуіне ешкім кепілдік бермейді. Ал 1000 тұтынушысы бар үлкен биржаға барсам, олжалы болатыным анық. Сондықтан біздің биржаны да ерекше тартымды етіп жасауымыз керек.

ЕХРО көрмесінің мұрагері – «Астана» халықаралық қаржы орталығының даму үдерісі жалғаса береді. Барлық жұмыс Сингапур, Дубай, Нью-Йорк, Лондондағы қаржы орталықтары қолданып отырған ағылшын құқығы негізіне иек артады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер