Қазақстанда жасалған бірегей ірімшік ресейлік тұтынушыларға жетті. Жылқы сүтінен ірімшік жасау әдісін меңгерген кәсіпкер эксклюзивті өнімді Мәскеу дүкендерінде сата бастады. Жергілікті мамандар қазақстандық өнімге аса қызыққанымен, оның әдісін меңгеру мүмкін болмай тұр. Әзірге қазақстандық кәсіпкердің жылқы сүтінен дайындаған ірімшігіне әлемде балама табылмай тұр.

 

ПЕТР ПРОНИН, ФИРМАНЫҢ МӘСКЕУДЕГІ ӨКІЛІ:

 - Орман саңырауқұлақтары, гүлшетен қосылған ірімшік, бие сүтінен жасалған ірімшікті сатып жатырмыз. Мұнда Ресейде дәл осындай ірімшік түрлерін дайындайтын шаруашылықтар жоқ. Ал Мәскеу мен Петербор тұрғындарын алсақ, олар бұл ірімшіктің ерекше дәмін ұнатты. Сатып алуға дайын. Жәрмеңкеге әкелінген 50-60 кг ірімшік екі күнде сатылды.

Қазақстанда шағын өндіріс орнында жасалған бұл ірімшіктің Ресейде тұрақты сатып алушылары да бар. Кейде өнімді жеке тапсырыс бойынша қайнатамыз, дейді кәсіпкер.

 

АКМАРАЛ ИМАНБАЕВА, КӘСІПКЕР:

 - Антибиотик, құрғақ сүтті қоспаймыз. Айына 100 – 200 кг ірімшік жасаймыз. Жылқы сүтінен ірімшік ұйыту мүмкін емес деп саналған. Италия, Флоренцияда осы әдісті табуға 10 жыл бойы талпынды. Біз де көп уақыт бері қиналдық, бірақ нәтижесі жақсы болды.

Жылқы сүтінде казеин аз болғандықтан, сиыр не ешкі сүтіндей ұйытуға келмейді. Бірақ қазақстандық өндірушілер оның әдісін тапқан. Бірегей ірімшікті қазір Мәскеудегі қазақстандық тауарлар сататын дүкендерден табуға болады.

 

ЕЛЕНА КОНДАКОВА, ДҮКЕН ЖҮЙЕСІНІҢ ИЕСІ:

 - Осы ірімшікті таяуда сата бастадық. Сатып алушыларға бірден ұнағаны рас. Оның дәмін татқандар қайта оралып, тағы алатын болды.

 

Енді кәсіпкерлер қазақтың ұлттық тағамдарының ерекшеліктерін ескере отырып, ірімшіктің түр-түрін дайындауды жоспарлап отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер