Еуропалық Одақ қазақстандық жобаларға 4 млн еуроға жуық қаражат бағыттамақ. Бұл тек биылғы жылға арналған жоспар. Астанада Еуропа күндерін атап өтуге арналған Еуроодақ жобаларының көрмесі өтті. Келушілер одақ тарапынан қолдау тапқан түрлі саладағы идеялармен таныса алды. Елімізде аталмыш бірлестік жалпы сомасы 180 млн еуро болатын 350 жобаға қаржылық қолдау көрсеткен. Негізінен, «жасыл» экономика, инновация, құқық және білім беру салаларында. Биыл болса, жергілікті мемлекеттік басқару, демократия және сот реформасы жобаларына назар аударылмақ.

 

ТРАЯН ХРИСТЕА, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕУРООДАҚ ӨКІЛДІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Қазақстан – біздің Орталық Азиядағы басты серіктесіміз. 24 жыл бойы тығыз байланыс орнатылды. Қазіргі таңда тауар айналымы 39 млрд еуроны құрап отыр. Менің білуімше, Қазақстанға бағытталатын тікелей инвестициялардың жартысынан көбі Еуропалық одақ елдерінен келеді.

 

Осыдан 2 жыл бұрын БҰҰ-ның Даму бағдарламасы мен Еуроодақ еліміздің «жасыл» экономикаға көшуін қолдау жобаларын жүзеге асыра бастады. Бұл мақсатқа 7 млн еуро бағытталды. Басты міндет – Қазақстанның су секторында қандай еуропалық жасыл технологияларды пайдалануға болатындығын анықтау, шетелдік тәжірибені меңгеру. Байқау нәтижесінде 14 үздік жоба іріктелген. Олар еліміздің 8 өңірінде сәтті жүзеге асырылуда.

 

ГҮЛЖАМАЛ ИСАЕВА, ЖОБА МЕНЕДЖЕРІ:

 - Тамшылап суару сынды әдістер бірқатар өңірлерде сынақтан өтті. Нәтиже қуантып отыр. Заманауи тәсілдердің арқасында суды 50 пайызға дейін үнемдеп, өнімділік 30 процентке жетті. Сондай-ақ  суды жинақтау және пәтерге жеткізудің  тың жүйесі де сыналды. Ол жоғарғы қабаттағы пәтерлердегі судың қажетті қысымы мен күшін орнатуға мүмкіндік берді. 

 

Инновациялық тәсілдерді қолданып, артықшылығына көз жеткізгендер енді өз тәжірибелерімен бөлісетін болады. Жоба келер жылы аяқталмақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер