Оңтүстік Корея өз инвесторлары мен қазақстандық кәсіпкерлерді біріктіретін ортақ алаң құруды ұсынып отыр. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы Азия және Тынық мұхит елдеріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының ұйымдастыруымен Сеулде өткен семинарда айтылды. Келелі кеңеске Қазақстан ұлттық экономика министрлігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Даму» қоры және Оңтүстік Кореядағы елшілігіміздің өкілдері қатысты. Жиында Корей елінің өкілдері қазақстандық шағын және орта бизнес компаниялары туралы толыққанды мәліметтер жазылатын арнайы сайт жасауды ұсынды. Біздің делегация бұл еліміздің экспортқа бағдарланған компаниялары үшін пайдалы болғандықтан, аталған ресурсты құру мүмкіндіктері қаралатынын жеткізді.

 

ҒАЛИЯ ЖОЛДЫБАЕВА, ҚР ҰЭМ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Әрине осындай Be to be дейміз ғой бағанағы бизнестің өзім өзіме, осындай басқа мемлекеттің бизнесімен өзара қарым-қатынас жасау үшін осындай коммуникациялар керек міндетті түрде. Сондықтан мына кәсіпкерлердің қалай жұмыс жасап жатқаның, қандай кәсіпкер екен, қай салада жұмыс жасап жатқан. Соның бәрін біліп отыратын осындай коммуникациялық платформалар болғаны дұрыс.

 

Сондай-ақ, Оңтүстік Кореяны Қазақстанның тасымалдау мүмкіндіктері қызықтырады. Олардың іскерлері тауарды Еуропаға негізінен теңіз жолымен жеткізеді. Бұған 33 тәулік уақыт кетеді. Егер тауарды теңіз арқылы Қытайға әкеліп, одан әрі Қазақстан арқылы темір жолмен тасымалдаса, тауарды 21 күнде Еуропаға жеткізуге болады. 

 

КИМ КВАНГ СОК, ЛОГИСТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯ БАСШЫСЫ:

 - Еуропаға біздің тауарларды тасымалдауда Қазақстан маңызды мемлекет болып отыр. Әзірге теңіз маршрутына қарағанда темір жол арқылы тасымалдау тез болғанымен, біршама қымбат. Бірақ сіздердің тарифтеріңіз төмендеп, Қазақстаннан Кореяға тауар ағымы көбейсе, онда жүкті осы бағыт бойынша жеткізуді жалғастырамыз.

 

КИМ МИН ДЖОН, КОРЕЯНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖӘНЕ ТАСЫМАЛ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ:

 - Кореядан Еуропаға электроника, көлік және өзге де керек-жарақтар тасымалдаймыз. Еуропа мен Қазақстаннан отын мен өнеркәсіптік жабдықтар келіп түседі. Темір жол арқылы тасымалдауда  кедендік тазарту мен тауар коды қиындық туғызады. Себебі, әр елдің өз коды бар.

 

Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы алыс-беріс көлемі былтыр 676,7 млн АҚШ долларын құрады. Экспорт 223,5 млн доллар шамасында. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер