Қазақстанның металлургия саласында оң үрдістер байқалуда. Оған базалық металл бағасының өсуі мен нарықтың қайта жандана бастауы себеп. Бұл туралы сегізінші тау-кен-металлургиялық конгресі барысында ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары мәлім етті. Асқар Маминнің айтуынша, болашақта минералды ресурстар мен метал бағасының өзгеруіне бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Біріншіден, Үндістан мен Қытай тарапынан сұраныс артуы ықтимал. Екіншіден, жер асты байлығын өндіруде техникалық мүмкіндіктер кеңейе түскен.

 

АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Соңғы 4 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасында 3,7 пайызға өсім бар. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 107,1 пайызды құраса, тау-кен кешені 107,8 пайызға жеткен. Біз үшін саланың қарқынды дамуын сақтап қалу маңызды. Осы мақсатта жауапты министрлік саланы дамыту бойынша жаңа бастамалар енгізуді қолға алды. Қазір нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен тау-кен кешені мамандарының қатысуымен жер қойнауы жайлы Кодекс жобасы әзірленді.

Конгресс барысында қазақстандық тау-кен өнеркәсібінде іске асырылатын бірқатар инвестициялық жобалар туралы айтылды. Мысалы, ресейлік «Полиметалл» тау-кен компаниясы Қостанай облысында жаңа кен орнын игеруге кіріспек. Биыл аэрогеофизикалық барлау жүргізілмек. Аталған жұмыстарға Қазақстан-Канада бірлескен кәсіпорны тартылатын болады.

 

ИГОРЬ ФИНОГЕНОВ «ПОЛИМЕТАЛЛ УК» АҚ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қазір негізінен Комаров алтын кен орнын игеруге басымдық беріліп отыр. сондай-ақ, «Қызыл» жобасын да атап өткен жөн. Ол бойынша келесі жылдың бірінші тоқсанында тауарлық өнім шығарылады. Яғни, барлық жұмыс кестеге сай жүргізілуде. Ал ақырғы мақсатымыз – 2020 жылы Қазақстанда 14 тонна алтын өндіруге қол жеткізу.

Қазақстан темір кенінің қоры бойынша әлемде – үшінші, болат өндірісі жөнінен 33-ші орында тұр. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы құрылымында тау-кен металлургия кешенінің үлесі 18 пайызды құрайды. Аталған салада 500 мыңға тарта адам еңбек етіп жүр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер