Жас кәсіпкерлерге сауда орындары тегін жалға берілмек. Тұңғыш рет Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін қазақстандық тауарлар дүкені ашылды. «From KZ» жобасы отандық кәсіпкерлерді салық ауыртпашылықтары мен әкімшілік кедергілерден қорғауға арналған. Жалпы аумағы 1 мың шаршы метр болатын дүкенге 5 мыңнан астам отандық өнім қойылмақ.

 

ЕКАТЕРИНА КИМ, «ҰЛЫ ЖIБЕК ЖОЛЫ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Жоба құны 120 млн теңгені құрады. Қазіргі таңда оған 282 отандық тауар өндіруші қатысуға ниет білдіріп отыр.  Ал жалға беру бізде әрдайым тегін болып қала бермек. Алайда біз сатылған тауар құнының 10 пайызын алатын боламыз. Айта кетерлігі, өзіміз де кәсіпкерлер өнімінің сатылуына қолдау көрсетпекпіз. Еш нәрсе сатылмаса, тиісінше, біз де кәсіпкерден ақша алмаймыз.   

Жобаның көздегені – қазақстандықтардың отандық өнімге деген көзқарасын өзгерту. Оларды әркімнің қалтасы көтере бермейтіндігінің себебі - сауда орындарын жалға алу құнының жоғары болуында,-дейді жоба авторлары. «From KZ» дүкені осы мәселені шешуге жағдай жасамақ.

 

АЛМА ТҰРЛЫБАЕВА, АЛМАТЫ Қ. КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Біздің кәсіпкерлер палатасына көптеген отандық тауар өндірушілер келеді. Олар үшін  ірі сауда желілеріне өту қиыншылық тудырады. «From KZ» жобасы ойдағыдай жұмыс істейтін болса, бұл мәселе оңтайлы шешіледі деген ойдамын.

Сондай-ақ, «From KZ» дүкені аумағында дәмхана жұмыс істемек. Оның қызметкерлері аспаздық және қызмет ету саласында тиісті біліктіліктері бар мүмкіндігі шектеулі жандар болады. Ал дәмханадан түскен табыс толықтай қызметкерлердің мұқтаждықтарына жұмсалады деп жоспарлануда.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер