Шығысқазақстандық омарташылар көршілес Қытай еліне бал өткізуді жоспарлап отыр. Қос тарап арнайы құжаттарға қол қойып, өзара өнім алмасуға уағдаласты. Еліміздегі бал шаруашылықтарының 80 пайызы ел шығысында орналасқан. Өңір қожалықтарында балдың түр-түрі өндіріледі. Омарташы Валерий Қасымбаев басқаратын қожалық 2003 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ресей, Моңғолиямен байланысқа шыққан шаруалар енді, Қытай елінің тұтынушыларымен келісім жасасты. Отандық балдың 5 сұрпын саралап, тиісті деңгейде бағалаған олардың да табиғи таза өнімге деген сұранысы артып отыр.

 

ВАЛЕРИЙ ҚАСЫМБАЕВ, ОМАРТА ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бейжіңде құжаттарға қол қойылды. Енді біз Қытай еліне балды еркін тасымалдай аламыз. Негізі 2015 жылдан бері бұған тыйым салынған болатын. Жәрмеңке кезінде ғана аспан асты еліне 5 келідей бал апарып сатуға құқылы болдық.

Бүгінде елімізде 1500 омарташы бірігіп, кооператив құрған жайы бар. Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында бұл сала енді дамып келеді. Қалған өңірде отбасылық деңгейде қолға алынған. Енді шаруалар өңірдің бас омарташысымен тәжірибе алмасып жатыр.

 

ФЕДОР КРАУЗЕ, ҚАЗАҚСТАН ОМАРТАШЫЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ӨКІЛІ АУДАРМА:

 - Кооперативке бірікпей, «ұтамын» деуге болмайды. 100 мың омартаң болса да, Қытай кәсіпкерлерімен әріптес болу қиын. 300 мыңнан жоғары және өнімді қаптау цехы мен арнайы қоймасы бар омарташылар ғана осындай мүмкіндікке ие бола алады.

Қазақстанда жылына 10 мың тонна бал өндірілсе, оның үштен бірі ғана экспортқа шығарылатын. Ал, Қытайға 300 келіден 1 мың тоннаға дейін бал жіберу көзделуде. Бұл бал экспортының әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер