Қазақстан мұнай өндіру мен өңдеу көлемін арттырды. 2017 жылдың өткен 4 айында мұнайды елімізде тәулігіне 1 млн 700 мың баррель қара алтын шығарылған. Мұның басты себебі – Қазақстанда іске қосылған ірі кен орындары. Десе де жарты жылда мұнай өндіру мөлшері ОПЕК бекіткен нормадан аспайды, дейді тиісті мекеме өкілдері.

Қазақстан мұнай өндіру саласында отандық машиналарды қолдану үлесін де арттырып келеді. Осы бағытта жұмыс істейтін серіктестік өндірістік қуатын 2,5 есеге арттырмақ. Отандық зауыттардың бірі бүгінде ірі ұңғыма құрылысы мен жөндеу, мұнай өндіріп жинауға арналған және жылу энергетикалық жабдықтарды шығарады. Жоба құны 15,3 млрд теңге. Оны жүзеге асыруға Қазақстанның даму банкі несие бөлді.

 

САҒАТ ТҮГЕЛБАЕВ, СЕРІКТЕСТІК ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

 - Болашақта экспортқа шығаруға біз қазір де дайынбыз, осы проектіні іске асырғаннан кейін жағдайы өзгереді, жабдықтардың барлығы халықаралық сертификатпен шығарып отырмыз.

Зауыт қуатын 2,5 есеге арттырса, өнім көлемі 20 мың тоннаға ұлғаймақ. Ірі габаритті құрылғылар - бөлгіш бағаналар, реакторлар, мырыш жабыны бар металл бұйымдардың өндірісі реттелмек. Кәсіпорын бүгінде Теңіз, Қарашығанақ кен орындары мен бірталай мұнай өндіру зауыттарын отандық жабдықтармен қамтып отыр.

 

САҒАТ ТҮГЕЛБАЕВ, СЕРІКТЕСТІК ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

 - Мәселен, Теңіз кен орнындағы компаниялар бізден Еуропадан тікелей алғандағыдай бағамен алады. Мұның өзі кедендік шекараны кесіп өтпесе де, экспорт есебінде. Мысалы, газ үйлестіргіш құрылғы Ресейде де жасалмайды. Біз әлемдік стандартпен шығарамыз. Диаметрі 10 метр мұнай құрылғыларын Қазақстанда біз ғана жасаймыз. Қазір Өзбекстан, Түркменстанға біраз өнім экспортталды.

Ал Павлодардың мұнай-химия зауыты жыл соңына қарай авиациялық керосин шығара бастайды. Осылайша, жаңғыртудан өткен отандық үш зауыт Қазақстанның авиаотынға деген сұранысын 100 пайыз қамтамасыз етеді. Павлодардың мұнай-химия зауытында кәсіпорынды жаңғырту жобасы аяқталуға жақын. Осы жұмыстардың арқасында жоғары октанды бензин өндірісі 300 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Сонымен қатар, зауыт шығаратын жанар-жағар майдың сапасы К-4 және К-5 деңгейіне көтеріледі.

 

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

 - Енді 4 айдан кейін 1 қазанда 3 жаңа қондырғы іске қосылатын болады және 1 қарашада жалпы модернизациялау, жаңғырту жұмыстары бұл зауытта бітеді. Енді қазірдің өзінде зауыт басшылығы, «ҚазМұнайгаз»  вице-президенті  бізге осы мәселе туралы модренизациялау жұмыстары бітетініне кепілдік беріп отыр.

Жаңадан салынған технологиялық кешендер мұнай өңдеу көлемін бес миллионнан алты миллион тоннаға дейін арттыруы ықтимал. Зауыт толық жаңғыртудан өткенде өңделетін мұнай өнімдерінің сапасы Кедендік одақ талабына сәйкес келетінін атап өткен жөн.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер