Қазақстандық өнімдер Ресей нарығында өз орнын тауып жатыр. Сапа жағынан бәсекеге қабілетті, бағасы тұрақты өнімдер отандық компаниялардың тасын өрге домалата бастады. Себебі Ресейдегі дүкендер желісіне қойыла бастаған Қазақстан өнімдері қазірдің өзінде жергілікті тұрғындардың қызығушылығын туғызып та үлгерді. Мәскеуде осыдан бес жыл бұрын ашылған сауда үйі енді «Бауырсақ» брендімен франшиза сатпақ. Оның құны 400 мың рубль немесе 2 миллион теңгеге жуықтайды.

 

ЕЛЕНА КОНДАКОВА, ДҮКЕНДЕР ЖЕЛІСІНІҢ ИЕСІ:

 - Алғашқы франшиза сатып алушымыз бар.  Біз өте қуаныштымыз. Жаңа тасымалдаушылармен серіктестік орнатып жатырмыз. Жарнамамыз да жақсы. Әсіресе, интернет-дүкеніміз белсенді  жұмыс істейді. Үйге жеткізіп берумен де айналысамыз.

 

ОЛЬГА РЕБРОВА, ФРАНШИЗАНЫ САТЫП АЛУШЫ:

 - Тұрғындар біздің қазақстандық өнімдерді сататынымызды естігенде қатты қуанды. Себебі, бұл өнімдерге сұраныс көп. Әзірге бір дүкен ашуды жоспарладық. Болашақта үшеуін ашамыз деген ойдамын.

Қазы, шұжық, кымыз, шұбат бәрі осында. Мұнда қырыққа жуық қазақстандық компанияның екі жарым мыңға жуық тауар түрі қойылған. Шайдан бастап, тәттілерге дейін осы сауда сөресінен табылады. Тұтынушылар мұнда сапалы азық-түлік сатып алу үшін келетінін айтады.

 

ГАЛИНА ЧИБИЗОВА, ТҰТЫНУШЫ:

 - Мұнда бәрі сапалы, әрі дәмді. Әсіресе тоқаштары бал татиды. Тұрақты тұтынушының бірімін. 

Қазақстандық азық-түлік өнімдеріне Ресейдің өзге қалаларында да сұраныс арта бастаған. Рязань, Астрахан және Самара  қаласының  дүкендерінен отандық өнім жақында табылуы  мүмкін. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер