Қазақстандағы МАГАТЭ-нің аз байытылған уран банкі биыл тамызда ашылады. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, қазір әлемдік нарықта уран қайта қымбаттай бастаған. Соңғы 5-6 жылда уранға деген әлемдік сұраныс күрт төмендеп, өткен жылдың өзінде шикізаттың бағасы 40% түсіп кеткен. Сондықтан жыл басында Қазақстан уран өндіруді 10% азайтты. Қазақстанның бұл шешімі уранның әлемдік бағасын реттеуге мүмкіндік берді, дейді министр.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

2017 жылдың қаңтарында республикада уран өндірісі көлемін 10%, яғни 22 мың  тоннаға дейін төмендету шешімі қабылданды. Бұл әлемдік өндірістің 3% құрайды. Бұл шешімнің нәтижесінде нарықтағы уран бағасы 20% өскенін атап өткім келеді.

Тамыз айында Қазақстан уран банкі өз жұмысын бастаған соң Үлбі зауытында 90 тонна аз байытылған уран сақталатын болады. Әлемде теңдесі жоқ жоба Атом энергиясы жөніндегі халықаралық ұйымның бастамасымен салынып жатыр. Банк МАГАТЭ-ге мүше-мемлекеттердің атом электрстанцияларына ядролық отынды жеткізіп отыруды қамтамасыз етеді.

 

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

 - Құрылысы қарқынды жүріп жатыр. 70% астам құрылысы дайын. Шілде айында құрылысы 100 пайыз дайын болуы керек. Тамыз айында біз МАГАТЭ басшылығымен бірігіп сол банкі ашатын боламыз.

МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкі барынша қауіпсіз болады. Бұған аталған халықаралық агенттіктің өзі кепілдік беріп отыр. Бұл нысанның ашылуы елімізге жаңа технологиялардың игеріліп, ендірілуіне және саланы білікті мамандармен толықтыруға мүмкіндік береді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер