АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында жетекші инвесторлар мен ірі кәсіпкерлер технологиялық инвестиция саласындағы болашақ трендтерді талқыға салды. Форумға қазақстандық тау-кен өнеркәсібінің өкілдері де қатысты. Бұл басқосу отандық мамандарға өндірісті жаңарту идеяларымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.

 

РУСЛАН ЕҢСЕБАЕВ, «ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП» АҚ ӨКІЛІ:

 - «Өнеркәсіп революциясы» деген термин тарихта төрт тармаққа бөлінген. Бірінші революция – бұл алғашқы бу пештері, екіншісі – электр қуатына байланысты, үшіншісі – процессті автоматтандыру. Енді төртінші революция іске қосылды. Ол барлық құрылғыларды бір қызметке автоматты түрде жұмылдыру жүйесін қарастырады.

 

«Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның трансформация және ақпараттық технологиялар жөніндегі бас директоры Руслан Еңсебаев АйТи индустрияда 12 жылдан бері қызмет етеді. Электронды үкіметті қалыптастыру концепциясын әзірлеуге белсенді түрде атсалысқан. Оның электрондық лицензиялау жобасы Женевада өткен ақпараттық қоғамдық дамыту жаһандық саммитінде үздік деп танылды. Ол Сан-Францискодағы форумда елімізде сәтті іске асырылып жатқан «Цифрлы бұлақ» жобасы туралы айтып берді.

 

РУСЛАН ЕҢСЕБАЕВ, «ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП» АҚ ӨКІЛІ:

 - Тау-кен индустриямыз заманауи цифрлы технологияға мән бергені жөн. Бұрын әр ұңғыманың жарамдылығын тексеру үшін жаяу жүруге тура келді. Соның өзінде де электр қуаты шығындалды. Ұңғыма 2 апта бойы тиісті өнім бермесе, ақшаны далаға шашқандай санадық.

Руслан Еңсебаевтың айтуынша, цифрлы технология енгізілгеннен кейін, ақпарат жинау процесі ұзақ уақыт алмады.

 

РУСЛАН ЕҢСЕБАЕВ, «ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП» АҚ ӨКІЛІ:

 - Әр ұңғымаға оның өнімділігін көрсететін құрылғылар орнатылады. Бүгінде біз сол ақпаратты тәулік ішінде біліп, дереу шешім қабылдаймыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауында индустрия мен өндірісті жаңғырту бағыттарына баса мән берілген. Біз аталмыш үндеу жасалған кезде қатты қуандық. Өйткені жаңа бағыт өзіміздің қабылдаған бағдармен толық үйлесім тапты.

Компания өкілінің айтуынша, қазақстандық өндіруші кәсіпорындар бәсекеге қабілетті болу үшін заманауи технологияларға ден қоюы керек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер