Жамбыл облысында өзбекстандық ауыл шаруашылығы техникалары шығарылатын болды. Өндіріс әзірге дайын бөлшектерден құрастыру негізінде жұмыс істейді. Өзбекстанның Жызақ облысы мен Жамбыл облысы арасындағы өңіраралық экономикалық ынтымақтастық жиынында осындай келісімге қол қойылды. Қонақтар әсіресе, әлеуметтік саладағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесіне қызығушылық танытып отыр. Олар қазақстандық тәжірибені өз елдерінде пайдалануды көздейді. Жиын соңында құны 15 миллиард теңге болатын 9 меморандумға қол қойылды. Айта кету керек Жамбыл облысы мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы өткен жылы 34 миллион АҚШ долларын құраған.

 

КӘРІМ КӨКІРЕКБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

 - Жамбыл облысынан бұларға қазіргі керек болып отырғаны – тыңайтқыш. Одан бөлек, құрылыс материалдары. Бұл – гипс, гипсакартон. Екінші – радиаторлар. Өзімізден шығарылып жатқан цемент. Осының төңірегінде қызығушылық жасап, қажет деп отыр.

 

ҰЛЫҚБЕК ҰЗАҚОВ, ӨЗБЕКСТАН ЖЫЗАҚ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Тағы бір маңызды сала туризмді дамыту керек. Ол үшін қос облыстың мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану қажет. Жизақ облысының тұрғындары осы жердегі тарихи көне қазбаларды,  жәдігерлерді  көре алады. Ал Жамбыл халқы біздің облысқа қонаққа келуіне мүмкіндік бар.  Осылайша, туризм біртіндеп дами түседі.

 

Ал Ақтөбе өңірі Ресейдің Орынбор облысымен ынтымақтастығын тереңдете түсті. Жақында Орынборда Ақтөбе облысының күндері өтті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев орынборлықтарды ЕХРО-2017 көрмесіне шақыра отырып, Орынбор губернаторы Юрий Бергке билет табыстады.

 

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Екі елге де бұл өте маңызды шара. Біз неғұрлым тығыз араласқан сайын тұрғындардың да ахуалы арта түседі. Біз қос елдің басшысы 1991-ші жыдан бері айтып келе жатқан өңіраралық кооперацияны дамыту туралы тапсырмасын жүзеге асыруымыз керек.

 

ЮРИЙ БЕРГ, ОРЫНБОР ОБЛЫСЫНЫҢ ГУБЕРНАТОРЫ:

 - Жібек жолын жөнге келтіру жұмыстары жүргізілуде. Биыл Қазақстан шекарасынан Орынборға дейінгі аралықтағы 52 шақырым асфальт жабындысын толығымен жаңартамыз. Бұл екі ел арасындағы көлік қатынасын екі есеге дейін арттыруы тиіс.

 

Өткен жылы Ақтөбе облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы өзара сауда көлемі 862 млн АҚШ долларын құраса, оның 85 млн-ы Орынбор облысына тиесілі. Ақтөбенің экспорт үлесі шамамен 41 млн АҚШ долларына жуықтаған. Бұл көрсеткішті еселей түсуге де мүмкіндік бар. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер