«Қорғас» халықаралық ынтымақтастық орталығы қазақстандық экспорттың ұлғаюына ықпал етуде. Өткен жылдың өзінде мұнда бес миллионнан аса адамға қызмет көрсетілген. Ал биылғы жылдың басынан бері келушілер саны бір миллионнан асып жығылған. Орталық алып сауда алаңдарымен, сапалы тауар түрлерінің сануалуандығымен, бағаның төмендігімен тартымды.  

 

ЯНЬ ЛИ ДҮКЕН ДИРЕКТОРЫ:

 - Біздің дүкенде косметика мен иіс су сатылады. Өнімдеріміз нарық бағасынан 25-30 пайызға арзан. 

 

ЗАРИНА БЕКЕТАЕВА ДҮКЕН ДИРЕКТОРЫ:

 - Дүкеніміздің ашылғанына 8 ай болды. Қазір саудамыз жақсы. Жазда сатып алушылар қатары артады деп ойлаймыз.

 

Баж салығынан босатылған сауда орындары бес мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Ынтымақтастық орталығында 4 мыңнан аса сауда компаниясы жұмыс істейді. Шетелдіктер орталық аумағында 72 сағат визасыз жүре алады. «Қорғаста» құрылған ерекше экономикалық және индустриялық аймақтар инвесторлар үшін тартымды. Ол жерде тоқыма өнеркәсібінің, электроника, тұрмыстық тауарлар өндіруші, фармацевтикалық және жоғары технологиялық компаниялар жұмыс істейді. 2016 жылы «Қорғаста» 2406 компания тіркелгенін ескерсек, күн сайын 6 компания тіркеуден өткен деген сөз. Ал 2017 жылдың басында бұл көрсеткіш 20-ға дейін артты.

 

ВАН ГАН, «ҚОРҒАСТАҒЫ» ҚАЛАЛЫҚ ПАРТИЯ КОМИТЕТІНІҢ ХАТШЫСЫ:

 - Қорғас – «Бір белдеу, бір жол» жобасының маңызды нысандарының бірі. Кәсіпкерлерді осындағы жеңілдіктер, көлік инфрақұрылымы қызықтырады. Меніңше, осы жерде кәсіп ашу – керемет мүмкіндік.

 

Қазақстанның Қытаймен бірлескен тағы бір жобасы – Ляньюньган портындағы ынтымақтастық және логистика орталығы. Жақында оның екінші кезегі іске қосылады. Қазір терминал аумағында контейнерлік алаң, контейнер құрастыру цехы және кіретін теміржол жұмыс істейді. Ал жақында мұнда қазақстандық бидайдың алғашқы партиясы Қытай арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға жөнелтілді.

 

ЛЮ БИН, ЛЯНЬЮНЬГАН ҚАЗАҚ-ҚЫТАЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЛОГИСТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: 

- Нарықты зерттеген соң биыл қазақстандық тараппен бірлесіп Қазақстаннан Вьетнамға Қытай арқылы астық жеткізу туралы шешім қабылдадық. Білсеңіз, Оңтүстік-Шығыс Азияда ұнға, нан-тоқаш өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Сол себепті Қазақстаннан азық-түлік бидайының экспорты үшін Қытай арқылы Транзиттік дәліз құруды дұрыс деп таптық.

 

Орталықтың жүкті тиеу мен түсіру қуаты жылына 410 мың контейнерге жетеді. Нысанның бірінші кезегін іске қосуға 86 млн доллар қаржы құйылған. Әр апта сайын терминал арқылы Орталық, Солтүстік-Шығыс және Оңтүстік Шығыс Азия аумағымен жүретін жедел поездар мен тұрақты құрамдар өтеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер