Жаңадан сайланған Франция президенті Эммануэль Макрон Қазақстанмен ынтымақтастықты дамыта түсуге ынталы. Елдің 8-ші басшысы құрған үкімет әріптестікке жаңа дем беруді әскери, ауылшаруашылық және тау-кен өндірісі салаларынан бастауды көздеп отыр. Бұл жөнінде Францияның Қазақстандағы Елшісі Франсис Етьен мәлімдеді. Осы орайда тараптар бірлескен жобалар тізімін құрып жатыр. Соңғы келіссөздерге сәйкес, елімізде алдымен уран өңдейтін, радар құрастыратын зауыттар қолданысқа беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, қос мемлекет қабылдаған жасыл экономика саясатына сай баламалы энергия көздерін жетілдіру ісіне басымдық берілмек.

 

ФРАНСИС ЕТЬЕН, ФРАНЦИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Жаңа президенттің келуімен Францияның 5 жылдық даму реформасы жасалады. Стратегиялық құжатта Қазақстанмен әріптестік жолдары қарастырылатыны сөзсіз. Өйткені екі жақты қарым-қатынасты одан әрі дамытудың әлеуеті зор. Француз компаниялары мұнда өз ісін жүргізуге мүдделі. Әсіресе біздің инвесторлар үшін ауылшаруашылығы саласы аса қызықты. Олар жергілікті агро өндірістік кешенмен байланыс орнатқысы келеді.   

 

Бүгінде Франция Қазақстанға тікелей инвестиция құю көлемі бойынша алғашқы үштікке кіреді. Соңғы 10 жылда  ел экономикасына  11, 4 миллиард доллар қаржы салды. Француз капиталының қатысуымен 128 кәсіпорын сәтті жұмыс атқарып жүр. Былтыр өзара сауда айналымы үш миллиард еуродан асып жығылған. Оның басым көпшілігі бізге келген импорт болса, 500 млн еуро – отандық экспорттың үлесі. Келешекте бұл көрсеткішті еселей түсу көзделген. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер