Лондонда Қазақстан елшілігінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының жанынан құрылған Құқықтық консультативтік кеңестің бірінші отырысы өтті. Кездесуге ағылшын құқығы саласының білгір мамандары, британиялық жетекші компаниялардың өкілдері қатысты. Олар болашақта Құқықтық консультативтік кеңестің жұмысына белсенді түрде араласатын болады. Бұл орган жалпы пайдалануға арналған актілерді әзірлеуге ықпал етіп, қаржы орталығының әрі қарай дамуына зор үлесін қоспақ. Кеңес сондай-ақ, Англия және Уэльс құқығының қағидаттарын, нормалары мен үлгілерін енгізуге әрекет қылады. «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов кеңес жұмысына қатысатын Baker McKenzie, Norton Rose Fulbright, White & Case және басқа да компаниялардың маңыздылығын ерекше атап өтті.    

 

ҚАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВ, «АСТАНА» ХҚО БАСҚАРУШЫСЫ:

 - Бір жағынан олар бір-біріне бәсеке компаниялар. Сондықтан да әртүрлі ұсыныстар жинап, үлкен пікірталас тыңдау өте қызықты болды. Олар шынымен де алдағы жұмысымызға көмектесетін әлемдік деңгейдегі сарапшылар.

 

ЛОРД ГАРРИ ВУЛЬФ, «АСТАНА» ХҚО КЕҢЕСШІСІ:

 - Бұл кеңестің болашағы зор. Егер ойымыздағы жүзеге асса, бізді үлкен жетістік күтіп тұрғандығына сенімім ерекше.

 

Жетекші британиялық компаниялардың өкілдері Қаржы орталығының әлеуетін жоғары бағалап, ағылшын құқығы принциптері мен үздік әлемдік тәжірибелерді енгізуге қызығушылық танытты.

 

ФРЭНСИС ФИЗЕРБЕРТ-БРОКХОЛЬС, WHITE & CASE КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Біз бүгін өр мақсатты, өте мазмұнды бағдарламаны сараладық. Меніңше, біз үшін жобаға қатысу өте абыройлы іс. Біз жобаның сәтті болуын асыға күтіп отырған жандармыз.

 

МАЙКЛ БЛЭР, ҚҰҚЫҚТЫҚ КОНСУЛЬТАТИВТІК КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Бүгінгі кездесу жақсы жобаны алға жетелеуге арналған үлкен бір қадам. Жалпы құқық, әділдік, ашықтық, қолайлы жүйе принциптері инвесторлар мен банктерді қызықтырмай қоймайды. Инвестиция мен бизнестің біразы Қазақстанға келеді. Біз бұған сенімдіміз.

 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Елбасы бастамасымен құрылған. Мақсат - халықаралық деңгейдегі жетекші қаржы қызметін жасақтау, Қазақстан экономикасына шетел инвестицияларын тарту үшін жайлы орта қалыптастыру және оны халықаралық қаржы капиталы нарығымен біріктіру. Орталық сондай-ақ сақтандыру, банк қызметі және исламдық қаржы нарығын дамытуды көздейді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер