Қазақстан Мексикаға тауар экспортын ұлғайтуды көздейді. Былтыр екі елдің сауда айналымы 66 млн АҚШ долларын құраған. Алайда байланыс, негізінен, бір жақты болып отыр,-дейді Қазақстанның Мексикадағы елшісі Андриан Елемесов. Оның айтуынша, 66 млн-ның тек 700 мыңы ғана қазақстандық экспортқа тиесілі. Бұл мәселені біртіндеп шешу көзделуде. Елімізге алғаш рет келген мексикалық кәсіпкерлер қазақстандық тауарларға сараптама жасады. Отандық өнімнің басты артықшылығы – экологиялық таза болуында. Осыған баса назар аударылмақ.

 

АНДРИАН ЕЛЕМЕСОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ МЕКСИКАДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Ірімшіктерге қызығып отыр.     Алсақ немесе өзімізде шығарсақ деп. Қазақтар сол жерде кәсіпорын құрады ма деген ойлары бар. Делегация құрамында жылқы етін өңдейтін кәсіпкер бар.  Ол Қазақстанмен тәжірибе бөліспекші.

 

Мексикадағы Қазақстан елшілігі қос мемлекеттің кәсіпкерлері кіретін топ құру бастамасын көтеріп отыр. Қауымдастық екі жақтың өнімдерін нарыққа шығару ісімен айналысатын болады. Тікелей тасымал болмағандықтан, Қазақстан нарығына келетін мексикалық өнімдерге қосымша құн қосылады.

 

ЭБЕРТО РИВЕРА,  МЕКСИКА ІСКЕРЛЕРІ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Тауарларды екіжақты әуе байланысы арқылы жеткізуді көздеп отырмыз. Біріншіден, бұл жол шығындарын кемітеді. Екіншіден, қазақстандық тұтынушы сапалы өнімді  тиімді бағамен сатып алатын болады.

 

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Мексикадан Қазақстанға тікелей рейс ашылмақ. Сондай-ақ, тауарларды Мәскеу арқылы жеткізу жолдары да қарастырылуда. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер