Елімізде шетелдік компаниялармен табысты жүзеге асқан бірлескен жобалар саны артып келеді. Солардың бірі – Атырау облысының «Теңіз» кенішінде жаңадан ашылған бетон зауыты. Кәсіпорында сағатына 200 текше метр бетон шығарылады. Айта кетейік, өндіріс орны Қазақстан мен Американың бірлескен жобасы.

 

ӘМИНА АҚДРАШЕВА, СЕРВИСТІК КОМПАНИЯНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Уақытында бітіріп 1 миллион сағат жұмыс жасап қауіп-қатерсіз, аман-есен аяқтап жатырмыз. Алдыңғы уақытта әлі 2 су резервуарын, 1 арнайы лабораториясын бетонды тексеру үшін және де жұмысшыларға арналған 100 орындық асхана мен кеңсе салынады.

 

Зауыттың құрылыс жұмыстарына 500-ге жуық адам тартылған. Ал толықтай жаңа технологиямен жұмыс істейтін зауыттың өндірістік саласында 30 инженер, оператор секілді мамандар еңбек етеді.

 

МИХАИЛ ЧАРЛИН, ИНЖЕНЕР:

 - Зауыттағы барлық жұмыс автоматты түрде басқарылады.  Су, цемент, қиыршық тас секілді инертті материалдар мен химиялық қоспалардың барлығын компьютерлік қондырғылар өзі өлшеп өндіріске жібереді.

 

Өндірістегі жаңа технологиялар қол күшін айтарлықтай азайтып, керісінше өнім сапасын арттырды. Бетон зауытының өніміне алдағы төрт жылға тапсырыстар қабылданып қойған. Жоспарға сәйкес өндіріске қосымша 60 жергілікті маман тартылады. Теңіз кенішінің болашақ даму жоспарына енгізілген осындай серпінді жобалар қазақстандық үлестің артуына үлес қосып жатыр.  

 

Ал Алматы облысының  Іле ауданында Франция-Қазақстан бірлескен кәсіпорны іске қосылды. Мұнда «Groud Master-400» толқынында сантиметрлік диапозон бойынша жұмыс істейтін үш координатты радио-локациялық станциялар жасалады. Бірлескен жоба Қазақстан әуе күштерімен қатар, көрші мемлекеттердің де  қажеттілігін қамтамасыз ету үшін Орталық Азияда алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Қазақстанда шығарылатын  радиолокациялық станциялар техникалық сипаттамасы бойынша әуе кеңістігін бақылауға арналған әлемдегі ең үздік үлгінің бірі болмақ. Кәсіпорында 150 жаңа жұмыс орны құрылды. 

 

ТАЙЫР РАҚЫМЖАНОВ, ӘУЕ ҚОРҒАНЫС ШАБУЫЛЫ КҮШТЕРІНІҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ:

 - Бар әуе обьектілерінің бәрін бұл көріп отыр қазір  бізде, кіші төмендікте де, әр төмендіктерде. Біздің мемлекетіміз үшін бұл әуе шабуылына қарсы күштерін радиотехникалық әскерлерін дамытып отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер