Қазақстан мұнай өндіруді ұлғайтады. Бұл туралы қара алтын өндіруші ұлттық компания басшысы Сауат Мыңбаев мәлім етті. Оның айтуынша, Теңіз кенішіндегі жылдық көлемді қосымша 12 миллион тоннаға көбейту туралы келісім жасалды. Жаңа жобадағы өндірістік нысандар іске қосылса, қазақстандық үлес 32 пайызға жетеді. Сонымен қатар, Қашағанда мұнай өндіруді тәулігіне 370 мың баррельге дейін ұлғайту жоспарда бар.

Қазақстан мұнай өндірумен бірге, оның экспортын да еселеуді көздеп отыр. Әзербайжан астанасы Бакуде өткен халықаралық форумда еліміздің энергетика министрлігінің өкілдері осылай деді.

 

СӘТЖАН КӘРІМОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бүгінгі таңда біз 81 миллион тонна мұнай өндіреміз. 2020 жылы оның көлемін тағы 6 миллион тоннаға ұлғайтамыз. Каспий құбыр желісі консорциуымының мұнай өткізу мүмкіндігін арттырғаннан кейін қара алтынды өндіру қуаттылығы 28 миллион тоннадан 67 миллионға дейін өседі. Оның 52 миллионы елде қалса, қалғанын шетелге шығарамыз.

 

Бакудегі жиында Каспий теңізі мен Орталық Азиядағы көмірсутек өнімдерін сату және тасымалдау мәселелері сөз болды. Соның бірі - Қашаған мұнайын Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры арқылы экспорттау мәселесі қызу талқыланды. Әзірбайжандық сарапшылар оның бірнеше себебін атап өтті. Алайда тараптар тиімді әрі ыңғайлы бағыт іздемек.

 

ИЛЬХАМ ШАБАНОВ, МҰНАЙ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Шикізатты Қашағаннан  Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры арқылы тасымалдау үшін мұнайдың бағасы мен көлемін назарға алу керек. Биыл 3-4 тонна өндіру жоспарда бар. Бірақ мұнайдың ең болмағанда  10 пайызын Әзірбайжан аумағы арқылы жіберу үшін  бұл көрсеткіш 12 тоннаға дейін жетуі тиіс.

 

Әлемдік дағдарысқа қарамастан, Каспий өңірінің жаһандық экономикадағы маңызы бәсеңдеген жоқ. Сол себепті оның орналасқан жері мен экономикалық әлеуетін пайдаланып, энергетика саласындағы ауқымды жобаларды жүзеге асыру – уақыт талабы.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер