Бішкекте қазақ-қырғыз іскер топ өкілдерінің бизнес форумы өтті. Шараға қатысқан қырғызстандық іскер топ өкілдерінің қарасы қалың. Өзінің үздік өнімін таныстыру үшін айыр қалпақ ағайын елінде түрлі саладағы қазақстандық 30 кәсіпорынның өкілі жиналды. Машина құрастыру, химия өндірісі, азық-түлік тауарлары, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары. Бұл тек тізімнің басы ғана. Таныстырылған тауардың түрі көп.

 

МАРАТ ШАРШЕКЕЕВ, ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ САУДА-ӨНЕРКӘСІП ПАЛАТАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Өзге форумдармен салыстырғанда дәл осы форумның берері көп. Кәсіпкерлер өзара түсіністік орнатады. Өйткені олар алдын-ала келіседі және бір-біріне сенім артады. Сондықтан іскер адамдар үшін бұл форумның маңызы зор.

 

Қырғызстанда мұндай форум жылда ұйымдастырылады. Және жыл сайын жергілікті бизнес өкілдерінің қызығушылығы артып келеді. Әр жиын соңында екі ел кәсіпкерлері он шақты келісімге қол жеткізеді. Биылғы жылдың жетістігі ретінде «Kaznex Invest» (Казнекст Инвест) компаниясының бизнес өкілдеріне сауда-саттықпен шектелмей, ортақ кәсіпорындар құру туралы жасаған ұсынысын айтуға болады.

 

АСКАР АРЫНОВ, «KAZNEX INVEST» АҚ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстан экономикасын индустриализациялау бірінші кезекте, шетелдік инвесторлардың өндірісін, технологиясын, қаржысын елімізге тартып, жаңа кәсіпорындар құруға және олардан шыққан өнімді өзге елдерге сатуға бағытталған. Сондықтан бүгінгі шара еліміздің индустриалды қауқарын өзгелерге көрсетуге арналған. 

 

Бүкіл әлемдегі іскерлік белсенділіктің төмендеуі Қазақстан мен Қырғызстан қатынастарына да әсер етпей қоймады. Екі елдің сауда айналымы 500 миллон долларға дейін қысқарды. Алайда соңғы мәліметтерге қарағанда Қырғызстаннан Қазақстанға экспортталатын азық-түлік көлемі 27 пайызға өсті. Сол үшін «Kaznex Invest» мамандары айыр қалпақ ағайындарға Қазақстандағы еркін экономикалық аймақтардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, кәсібін ұлғайтуды ұсынып отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер