Қазақстанның Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты аймағы елдері арасында шешуші хаб ретіндегі транзиттік-көліктік әлеуеті зор. Бейжіңде Оңтүстік-Шығыс және Солтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі қазақ елшілері осы мәселені талқылап, Қытай тарапымен келелі кеңес құрды. Өйткені тың жоба қазіргі уақытта «Қазақстан-Ляньюньган порты» логистикалық дәлізі арқылы жүзеге асырылып жатыр. Президент Жолдауында айтылғандай, 2020-жылға дейін транзиттік тасымалдың жылдық көлемі 7 есеге көбейіп, ал контейнерлік жүк саны 2 миллионға жетуі тиіс. Жиында осы мақсатқа жету үшін қандай істер атқаратыны пысықталды. 

 

ДМИТРИЙ ПОТЛОВ, ҚР ИДМ КӨЛІК КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазір біз ең бастысы, инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Соңғы жылдары 1700 шақырымнан астам теміржол салынды. Нәтижесінде, Қазақстан аумағы бойынша шығыс шекарадан батыс аймақтарға дейінгі жүк тасымалының мерзімі қысқарды. Сәйкесінше, бұл көліктік шығынды оңтайландырып, шығынды 20-25% пайызға азайтты. Қазақстан бойынша теміржол арқылы өтетін жүктердің транзиті теңіз жолына қарағанда екі жарым, үш есе тиімді болады.

Қазақстан - Ляньюньган теңіз порты және Азия-Тынық мұхиты аймағының елдері арасындағы логистикалық бағытты дамыту Бейжіңде осыған дейін де талқыланды. Кіші комитеттің отырысында екі елдің теміржол саласына жауапты мекемесі жиын өткізген болатын. Шығыс пен Батыс арасындағы транзиттік хабқа үлкен үміт артып отырған қытай тарапы да бұл бастамаларды қолдап отыр.

 

ЛЮ БИН, ЛЯНЬЮНЬГАН ҚАЗАҚ-ҚЫТАЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЛОГИСТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақ елінің транзиттік әлеуеті жыл сайын артып келеді. Мысалы, темір жолдағы поездің орташа жылдамдығы 800 шақырымнан 1100-ге дейін көтерілді. Қазір Қорғастағы логистикалық орталық контейнерлерді қос бағытта да тіркеу қызметіне көшті. Әсіресе, Батыс елдеріне жөнелтілетін жүк контейнерлерінің өнімділігі артты.

 

ЧЖАН ЦЮНЬ, ҚХР МЕМЛЕКЕТТІК ТЕМІР ЖОЛДАР БАСҚАРМАСЫ ТАСЫМАЛДАУДЫ БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстан тек Орталық Азияда ғана емес, жалпы Еуразия аймағындағы шешуші көліктік торап саналады. Менің ойымша, Қазақстан мен Қытайдың темір жол саласындағы әріптестігі тек біздің елдерге ғана емес, Жібек жолы экономикалық белдеуіндегі басқа мемлекеттерге де өте тиімді болмақ.

 

Тараптар сонымен бірге, Қазақстан мен Қытай арасындағы шекаралас темір жолдардағы жұмысты жетілдіру, тиімді тарифтік саясат құру, экспорттық-импорттық және транзиттік жүктерді тасымалдауға қатысты бірлескен жобаларды талқылады. Бұл істерді екі ел 2020-жылға дейін аяқтауды көздейді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер