Франция Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. Француз бизнесі еліміздің құнарлы топырағының шоқты шөбінде жайылатын мал шаруашылығы мен астықты өлкелеріміз бастыратын бадана дән өнімдерін терең өңдеуге құлықты. Ал жергілікті тарап өз кезегінде төрт түлік баптап, жер емген қожалықтарда француздардың агротехнологияларын ендіруге ынта танытуда. Бұл жөнінде Қазақстан-Франция іскерлік кеңесінің отырысында айтылды.

 

НҰРЖАН ӘЛТАЕВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Жаз айларында француз бизнесмендері осында келетін болады. Ол ең бірінші ауыл шаруашылығын қайта өңдейтін компаниялар. Өйткені франция еуропада өте жаңа технологиялармен дамыған ел. Бізді қызықтыратыны олардың технологиялары, өйткені бізге қазір қытай нарығына өзіміздің өнімімізді шығару керек.

 

Бүгінде Франция Қазақстанға тікелей инвестиция құю көлемі бойынша алғашқы үштікке кіреді. Соңғы 10 жылда  ел экономикасына 11,4 миллиард доллар қаржы салды. Француз капиталының қатысуымен 128 кәсіпорын сәтті жұмыс атқарып отыр. Былтыр өзара сауда айналымы бір миллиард доллардан асып жығылған. 

 

ИВ-ЛУИ ДАРРИКАРЭР, ҚАЗАҚСТАН-ФРАНЦИЯ ІСКЕРЛІК КЕҢЕСІНІҢ ТЕҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Қазақстаннан негізінен мұнай, метал және химиялық өнімдер тасымалдаймыз. Импорттау тізімінде ауыл шаруашылық өнімдерінің үлесін арттырсақ дейміз. Француз компаниялары Қазақстанда өз ісін жүргізуге мүдделі. Дайын жоба-бағдарламалар бар. Енді тек іске асыру керек.

 

Кезекті басқосуда өзара әріптестік байланысты одан әрі дамыту жолдары кеңінен қарастырылды. Бұл мақсатта елордада өткен іскерлік кеңес отырысына 20-ға тарта француз компаниясы арнайы келген.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер