Оңтүстік Кореяның ең ірі теңіз порты Қазақстанмен ынтымақтастықты арттыра түсуге мүдделі. Пусан айлағы контейнер тасымалдау көлемі жағынан әлемдегі алғашқы бестікке кіреді. Былтыр мұнда он тоғыз жарым мың контейнер рәсімделген. Қазақстан арқылы жеткізілетін жүктің нақты көлемі есептелмеген. Бірақ Қытайдағы Ляньюньган портында қазақ-қытай терминалы қосылғалы бері жүк көлемі артқаны анық. 

КАН БУ ВОН, ПУСАН ПОРТЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Пусан мен Ляньюньган порттарының арасындағы келісімге сай контейнерлер Қытай темір жолдары арқылы тасымалданады. Біздің порт Сингапур мен Гонконгтан кейінгі ең ірі жүк өткізуші терминал екенін айта кетейін.

Оңтүстік Кореядан Қазақстанға негізінен электроника мен көліктердің қосалқы құрамдары және пластиктен жасалған бөтелкелер жеткізіледі. Теңіз тасымалы 33 күнге созылады. Ляньюньган порты арқылы кәдімгі автокөліктермен жеткізу шығынды болғанымен, уақыт жағынан тиімді. Өзбекстан автокөлік шығарушылар да Қазақстанның транзиттік тасымалын пайдаланып, өнімдерін Оңтүстік Кореяға жеткізіп, ары қарай Біріккен Араб әмірліктеріне апарып жүр.

КИМ КВАНГ СОК, ЛОГИСТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯ БАСШЫСЫ:

 - Еуропаға біздің тауарларды тасымалдауда Қазақстан маңызды мемлекет болып отыр. Әзірге теңіз маршрутына қарағанда темір жол арқылы тасымалдау тез болғанымен, біршама қымбат. Бірақ сіздердің тарифтеріңіз төмендеп, Қазақстаннан Кореяға тауар ағымы көбейсе, онда жүкті осы бағыт бойынша жеткізуді жалғастырамыз.

 

ОЛЖАС РАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАҒЫ ЕЛШІЛІГІНІҢ ИНВЕСТИЦИЯ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСШІСІ:

 - Бізде қазақстандық тауарлардың экспортын арттыру мүмкіндігі бар. Тіпті кері қайтатын контейнерлері толтырып жіберу арқылы да осы шаруаны өркендете аламыз. Ақыры бос кетіп бара жатыр ғой. Қазақстандағы Ақтау порты мен Қорғастағы экономикалық әріптестік орталығымен де талқыладық. Оңтүстік Корея әріптестік келісім жасауға мүдделі.

Қазақстан мен Қытай теміржол тарифіндегі жеңілдіктер жөнінде келісімге келмек. Демек ол да біздің ел арқылы өтетін транзиттік тасымалдың әлеуетін арттыра түседі. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер