Қазақстандық көлік өндірісі былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 4 есе артты. 2017-ші жылдың бірінші тоқсанында 16 млрд теңгенің темір тұлпарлары құрастырылыпты. Бұл туралы «ҚазАвтоПром» автомобиль саласы кәсіпорындары одағының төрағасы Олег Алферов мәлім етті. Жергілікті тұтынушылардың таңдауы соңғы кезде өзімізде құрастырылған көліктерге ауа бастаған. Сондай-ақ, отандық автоөнеркәсіп ішкі сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, былтырдан бері сыртқы нарыққа да шыққанын атап көрсету қажет. Қазақстандық темір тұлпарлардың алғашқы партиялары Қытай, Түркіменстан, Қырғызстан мен Бірккен Араб Әмірліктеріне жіберілген еді.

 

ОЛЕГ АЛФЕРОВ, «ҚАЗАВТОПРОМ» ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Қазақстандағы  көліктерді шығаруда үшінші ай қатарынан өсім байқалады. «АзияАвто» зауыты Қытай нарығына бірінші тоқсанда 204 көлік жіберді. Бүгінде елде сатып алынатын әр үшінші көлік -отандық.  Биыл кемі 2 мыңнан астам автомобиль ішкі нарықта сатылады деген ойдамыз.

 

Қазақстанда құрастырылған автокөліктер халықаралық сапа мен қауіпсіздік талаптарына сай келеді. Мысалы, Өскемендегі өндірушілер ЭРА-ГЛОНАСС жедел жауап беру жүйесі енгізілген жаңа көліктерді нарыққа шығарды. Мұндай жаңашылдық биылдан бастап Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения елдеріндегі автокөліктер үшін міндеттелген. Қазақстан көш бастады. Заманауи құрылғы апат орын алған жағдайда құтқарушылардың жедел жетуіне жол ашады. Оның көмегімен көліктің орналасқан жері, бағыты мен жылдамдығын тез анықтауға болады. Бастысы, жаңа жүйе адам өміріне араша түсуге зор мүмкіндік болмақ.

 

АНДРЕЙ ТОЛСТИКОВ, АВТОЗАУЫТТЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Біз зауытымыздың барлық желілерін ЭРА-ГЛОНАСС жедел жауап қату жүйесімен қамтуды көздеп отырмыз. Ауа райының қолайсыздығынан да адамдар жолда қалып жатса, көлік дереу хабар береді. Бұл әлемдік тәжірибеде бар тиімді жоба. Оның көмегімен талай адамның өмірін аман қалған.

Қазақстандық автоөндіріс саласында тиімді жүзеге асқан бірлескен жобалардың арқасында да дамып келеді. Ал елімізде құрастыру ісін ашуға мүдделі компаниялар жыл санап артып келеді. Мысалы, жақында Қазақстан мен Қытай «Анкай» маркалы автобустарды бірлесіп шығаруды қолға алмақ. Жолаушы тасымалдайтын көліктер Қостанай қаласындағы зауыттың аумағында құрастырылады.

Бұл қос мемлекеттің автокөлік өндірісі саласындағы алғашқы жобасы емес. Бұған дейін Қытайдың «Хайгер» компаниясымен бірлесе Алматыда электрлі автобустар құрастыру қолға алынған болатын. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер