Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауарларының экспортын 40%-ға көбейту. Елбасының биылғы Жолдауында белгіленген міндет осындай. «Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс», - дейді Президент. Осы ретте шығысқазақстандық омарташылардың бүгінгі жетістігін айтып өту қажет. Сұранысқа қарай күніне 2 тонна бал оралып, тұтынушыларға жөнелтіледі. Бүгінде оны өңір тұрғындары ғана емес, күллі Қазақстан кәдеге жаратып отыр. Келешекте Қытай нарығына шығару жоспары да бар.

 

АЛЕКСЕЙ ҚАСЫМБАЕВ, ҚОЖАЛЫҚ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Жоспарымыз өте көп. Болашақта өнімдерімізді Қытай нарығына шығару мақсатымыз бар. Бұл үшін кәсіпкерлер палатасымен келісім жасадық. Үлкен жәрмеңкелерде біздің тұтынушыларымыз табылады деп сенемін.

 

Қазақстандық ет пен ет өнімдері де шетелде сұранысқа ие. Мал мен құс еті Тәжікстан, Қытай, Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран елдеріне жеткізілуде. Енді олардың қатарына Израиль қосылып отыр. Осы айдың басында сәйкес уағдаластыққа қол жеткізілді. Израиль жағы сиыр және қой етін тасымалдауға қызығушылық танытып отыр. Қазір өнім бағасы бойынша келісу жүріп жатыр. Атап өтетін болсақ, жалпы, изриальдіктер жылына 75 мың тонна сиыр етін  импорттайды.

 

НҰРЖАН ӘЛТАЕВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Ол етті апару үшін еі бірінші  Израильдің өзінің ветеринариялық талаптары бар. Сол талаптарды бізден шығып жатқан еттерді сәйкестендіріп, екі тарап келісімшарттарға қол қойды. Егер ветеринарялық жағынан мәселе  шешілетін болса, біздің вуылшаруашылық өнімдері, әсіресе ет өнімдерін солардың нарығына апаруға дайынбыз.

 

Қазақстандық қымыз өндірушілер де шетелде танылып үлгерді. Сұраныстың артуына орай бие сүтінің құрғақ түрін өндіру алдағы жылы 2 есеге өсіп, 30 тоннаға жеткізіледі. Бұл жөнінде саумал ұнтақтарын шығарумен айналысатын отандық жалғыз компания өкілдері мәлімдеді. Аталған өнімге сұраныс күн өткен сайын артып келеді. Сондықтан компания өндіріс технологиясын жетілдіріп, оны еліміздің түкпір-түпіріне және алыс-жақын шетелдерге жылдам жеткізудің жолдарын қарастырып жатыр. 95 пайыз табиғи өнімнен тұратын ұнтақтың денсаулыққа пайдасы зор.

 

МЕРУЕРТ ӨМІРБЕКҚЫЗЫ, КОМПАНИЯ ӨКІЛІ: 

- Экспортқа үлкен қызығушылық танытып отырған мемлекеттер – Қытай, Корея, Жапония, Ресей және Еуропаның кейбір мемлекеттері. Осы ұлттық өнімімізді ұлттық брендті бүкіл әлемге Қазақстан мұнай шығаратын мемлекет ретінде ғана емес, саумалдың отаны ретінде шығаруымызға өте үлкен үлес қосылып жатыр.

 

Осылайша, Қазақстандық өндірушілер шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға ауысуда. Ал бірегей брендтер қалыптастыру арқылы халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігімізді арттыру көзделіп отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер