Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне қаржы салған шетелдік инвесторлар баршылық. Олардың басым бөлігі өсімдік және мал шаруашылығын қамтиды. Жақында қытайлық кәсіпкерлердің қатысуымен «Талдықорған» индустриялдық аймағында жылына 50 мың бас ірі қара соятын ет комбинатының іргетасы қаланды. Кешен жанынан бір мезетте 3 мың бас ірі қара бордақылауға арналған алаң да салынады. Кәсіпорынның жалпы аумағы – 25 гектар. Онда халал стандарттарына сай келетін сапалы ет өнімдерінің барлық түрі өндіріледі. Бұл жоба ауыл шаруашылығын индустрияландыруға Жетісу жеріндегі мал шаруашылығын дамытып, жергілікті шаруалардың тұрақты табыс табуына мүмкіндік береді. Қазақстан мен Қытайдың бірлескен ет комбинатының құрылысы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланып отыр.

 

ЯН ГУЯНХУА, ХОЛДИНГ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

 - Қазақстандық кәсіпкерлермен бірге жұмыс істейтіндігімізге өте қуаныштымыз. Қысқа мерзімнің ішінде құжаттарды рәсімдеп, іске кірістік. Инженерлер Қытайдан шақырылады. Ал құрылыс жұмыстарына жергілікті мамандар тартылады. Болашақта бұл ет комбинаты мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.

 

Осындай тағы бір инвестициялық жоба Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында іске асты. Құны 1 миллиард теңге болатын ірі ет комбинаты қазір жұмысқа кірісті. Қаржының 75 пайызын ирандық кәсіпкерлер құйған. Германиялық технологиямен жабдықталған комбинат тәулігіне 3 мың бас уақ мал мен 300 бас ірі қараны сойып, етін боршалауға қауқарлы. Жалпы аумағы – 15 гектар. Ирандық инвесторлар «қазірдің өзінде күніне 3000 мың бас уақ мал мен 100 бас ірі қара етін сатып аламыз»,-деп отыр. Шаруашылықтың өзінде 5 мың бас ірі қара бордақылайтын алаң бар. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер