«Кей қазақ кәсіп қылып киікті атқан»

«Кей қазақ кәсіп қылып киікті атқан»

Кеңестік дәуірде «Охотзоопром» атты орысша атауымен құрылған кәсіпорын қазір де бар. ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі, орман және аң шаруашылығы комитетіне қарайтын республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны. Негізгі қызметі киік, қарақұйрық, архар секілді дала жануарларының басын санап, браконьерлерден қорғауға бағытталған. Осы орайда айтулы кәсіпорынның инспекциялық басқарма басшысы Жаннат Таңсықбаев пен орталық аймақтық филиал жетекшісі Саят Дүйсетаевпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

Ақын, жазушы Сәкен Сейфуллин әйгілі «Ақсақ киік» өлеңі осыдан тура ғасыр бұрын жазылса да, заңсыз аңшылықтың бүгінгі тілде браконьердің бейкүнә жануарды қанға бөктіру әлі де жалғасып келеді.

Кей қазақ кәсіп қылып киікті атқан,

Мүйізін пайда қылып-ау шетке сатқан.

Сандалған бір киікті ұшыраттым,

Бір жылы-ау Бетпақ шөлде келе жатқан.

- деп  ақын өлеңде суреттеген киіктің бейнесі қазірде сол кейіптен өзгергені шамалы. Десе де киіктерді мемлекет қорғауға алмаса, әлдеқашан бейкүнә жануарлар ыршып секіріп, «Қызыл кітапқа» еніп кетер еді.

- Соңғы жылдардағы статистикаға тоқталып өтсек. Киік басы кеміді ме, өсті ме? Киіктерді қорғауға инспекторлардың пәрмені жетіп жатыр ма?

Ж. Таңсықбаев: Шүкір, биыл бақылауды күшейтудің арқасында киік саны 40 пайызға өсті. Киік санын еліміздегі Бетпақдала, Үстірт, Орал популяцияларын санаумен есептеледі. Дәл қазіргі таңда Бетпақдалада 78500, Үстіртте 3700, Оралда 135000 бас киікті есептеп, тіркеуге алдық. Ең бірінші жұмысқа жанашырлық керек. Осы орайда инспекторлардің білімі мен білігін тесттен өткізіп, қызметін адал атқаруына ерекше мән береміз.

С.Дүйсетаев: Бұрын жануар қорғау жүйесіне кім көрінген жұмысқа тұра берген. Өзі инспектор бола жүріп, жануарларды браконьерлермен қосылып атып жүрген қызметкерлерді де көрдік. Елмен кездескенде «бірінші өздеріңнің инспекторларыңа қараңдар» дегенде, тығыларға тесік таба алмайтынбыз. Халық бәрін көреді, айтады. Сол себепті жұмысына енжар 14 инспектор жұмысынан босатылып, қылмысқа қатысы бар 3 инспектордың ісі тергеуге жіберілді. Жұмысқа жанашырлығы болмаса, киік қорғаудың мәні қалмайды.

- Қорғауды күшейтіп жатырмыз деп жатырсыздар. Нақты қандай тағы әрекет жүзеге асырдыңыздар?

Ж. Таңсықбаев: Қазірде бір киіктің шығыны, коэффициенті  3 миллион теңгеге есептелетін болды. Браконьерлерге заңда қатаң жазаны әлі де болса күшейту қажет. Биыл ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Е. Нысанбаев Ішкі істер министрі Қ.Қасымовқа  қызметтік хат жолдап, құқық қорғау органдарымен бірлесе, «Сайга» шарасын өткіздік. Әр ауданның әкімі, прокуроры, табиғат қорғау полициясы халықпен кездесіп, киік қорғау мәселесіне қатысты жариялы жиындар өтті. Көптеген фактілердің беті ашылды. Тергеуі тежеліп жатқан істерді бірлесе көтердік. Екінші бірлескен рейд тамыз айына жоспарланған.

С.Дүйсетаев: Филиалға қарасты Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облысының барлық аудандарында кездесу ұйымдастырдық. Көбісінде анықталғандай, заңсыз аңшылыққа байланысты қылмыстық істер сотқа жетпей, қысқартылып кете береді. Мәселен, маған қарасты филиал бойынша 12 іс қысқартылған. Неге дейсіз ғой, сот-сараптама орталықтарында жан-жануарларға сараптама жасайтын кәсіби, арнайы сертификаты бар эксперт-биолог жетіспейді. Ондай мамандар Астана, Қостанай, Жезқазған және Алматы қаласында ғана бар. Далада атылған киік, арқарларды заттай айғақ ретінде қанша жерден сүйреп әкелгенде маман жоқтықтан өлексе бұзылып кетеді. Қылмыс қысқарады.

- Сонда қалай, жабулы қазан жабулы күйінде қала бере ме?

Ж. Таңсықбаев: Мен республика бойынша мәліметті айтайын. Былтыр ел аумағымызда заңсыз  киік атуға байланысты 136 қылмыстық іс тіркелсе, соның 7-і қысқартылды, 5-і тоқтатылды. 80 іс әлі тергеуде жатыр. Осы жылдың 6 айында 21 қылмыстық іс тіркелді. Біздің ең басты проблемамыздың бірі осы. Жоғарғы жаққа ұсынысымызды хатпен жібердік. Бұл мәселе ведомствоаралық  жиында қаралып, әр облыстың сот- сараптама орталығында эксперт-биолог мамандығы ашылуы керек. Әйтпесе осылай ұстаған браконьеріміздің ісі қысқарып, айғағы бүлініп, еңбегіміз жартылай ғана көрініп жүре беретін түріміз бар.

- Жалпы республика бойынша 4 филиалда 220 инспектор бар деп айттыңыз. Техникалық-материалдық база қандай?

Ж. Таңсықбаев: Мен сізге айтайын соңғы екі жылда техникалық тұрғыда біршама көліктер жаңартылды. Обалына не керек, орман және аң шаруашылығы комитеті сұранысымызға сай жол талғамайтын көліктерді алып берді. Инспекторлар түнейтін жүк көлігі де, қыста қарға салатын техникамыз да бар. Ресейден шығарылатын «УАЗ» автокөлігінен мүлде бас тарта бастадық. Тиімсіз. Тез бұзылады. Рациялық байланыс жолға қойылған. Инспекторларда жерсеріктік байланыс та бар. Алдағы уақытта киіктерді қорғауға дрон техникасын пайдалануды да мақсат етіп отырмыз.

С.Дүйсетаев: Жанат Марленұлы рация мәселесін айтып жатыр ғой. Осы орайда толықтыра кететін дерек бар. Әккі браконьер өздерінің рацияларын біздің инспекторлардың рациясы толқынына келтіріп алып, қорғау шараларын естіп отырады. Кімнің қайда жүргенін, киік өрісі туралы мәліметтерге құлақ түреді. Ақпараттық технология дамыған заманда рацияның толқынына әлгі аңшылар еркін кіреді. Оларда да техниканың сан атаулысы бар. Джиптен бастап, ойық-ұңғылы мылтықтың сан атаулысы жүреді.

- Бәрі сол киікті мүйізі үшін қуып, аулап-атып жүргені белгілі. Оның Қытайға өтіп, қымбат дәрі-дәрмекке сатылатыны жұртқа мәлім. Ақын С. Сейфуллин сыртқа сатылған мүйіз мәселесін ғасыр бұрын өлеңіне қосқан. Сол контрабанданы тоқтатудың жолы жоқ па?

Ж. Таңсықбаев: Қазақстан мен Қытай арасында контрабандалық киік мүйізін өткізбеу жөнінде келісім бар. Шекарадағы кеденшілер киік және арқар иісін сезуге бейімделген қызметтік иттерді пайдаланады. Деседе киік мүйіздері көп жағдайда Қырғызстан, Ресей арқылы өтеді. 2012 жылдан 2020 жылға дейін Үкіметтің киікті атуға тиым салған қаулысы бар. Ал көрші елдерде киік болмағасын, оларда шектеу жоқ. Қытайда бір келі мүйіздің бағасы 150 000 теңгеге бағаланады.

С.Дүйсетаев: Негізі бұрын Моңғолия мен Франция арасында 2 миллиондай киік жортты деген дерек бар. Қазірде Еуропада киік атымен жоқ. Қытай мен Түркменияда мүлде жойылып кеткен. Киіктің Моңғолияда қазірде 3500 басы қалды. Бізде жалпы саны 215500 бас киік бар.

- Ел арасында киіктердің күзгі миграциясына оңтүстікте салынған газ құбырлары кедергі болыпты-мыс деген әңгіме айтылып қалады. Ол қаншалықты рас?

Ж. Таңсықбаев: Негізі киіктің елімізде үш популяциясын барын айттық. Бетпақдала популияциясы қыс суық болса, әрі кетсе Жезқазған маңындағы өрістеріне түседі. Құбырдың кедергісі жоқ. Бір себептен, керісінше киіктің ығып кетпеуіне газ құбырының пайдасы мол. Батыс популияциясы Орал облысының төңірегінен аспайды. Әрі кетсе Ресейдің Астрахань өңіріне қысқа мерзім жайылады да ескі өрісіне қайтады. Көбісіне Үстірт киіктері ғана қыста Өзбекстан аумағына өтіп кетеді. Ең өкініштісі, мәселен онда 5000 киік өтті десек, соның кейін қарай 3000 ғана оралады. Қарақалпақ жерінде киіктерді қаптаған браконьер қанға бөктіреді. Ал Батыс өңіріндегі киіктердің көбейгені сонша, қазірде жеке шаруа қожалық иелерінен «шабындық жерлерді киік басып, таптап кетті деген шағым түсе бастады.   

 С.Дүйсетаев: Бетпақдала филиалы бойынша айтатын болсам, 78 мың киік қыс қатты суық болса, әрі кетсе Қарағанды облысының оңтүстік аумағына, Қызылорда облысының территориясына кіреді. Қызылорда облысының Арал, Қазалы аудандарында браконьерлік әрекет көп тіркеледі. Сондықтан болар соңғы үш жыл қатарынан киік Арқада қыстап қалды.

- «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» дейтін қазақта қастерлі  ұғым бар ғой. Арқарды да қорғауға алдық деп айтып қалдыңыздар.

Ж. Таңсықбаев: Мен сізге айтайын арқарлардың саны соңғы жылдарда күрт өсе бастады.Қазірде арқардың 15 400 басы тіркелген. Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облысының таулы аумақтарындағы өсім жақсы. Оларға да күнделікті қорғау, бақылау жасаймыз.

- Сіздердің қызметтеріңіз киіктерді қорғау, бақылау, басын түгелдеумен шектеледі. Ал ғылыми тұрғыда ақбөкен басын көбейту қашан қолға алынады?

Ж. Таңсықбаев: Бұған дейін киік басын көбейтуге қатысты ғылыми кешенді жұмыс жүргізілді деп айта алмаймын. Жәңгір хан атындағы БҚО-ның агро-техникалық университетінде ғалымдардың ұсынысымен ашылған ғылыми-практикалық лабораториясы жұмыс істеп келді. Қоғамдық негізде құрылған зертхана қаржылық тапшылықтан биыл жабылып қалды. Есесіне биыл Алматы облысында жабайы жануарлар түрін көбейтетін «Интродукция орталығы» ашылады. Мемлекет қаржыландыратын ол орталықтың өз аумағы, зертханасы, күтім орталығы болады. Ғылымдағы зоотехникалық база сол жерге шоғырланады. Қазірде орталық құжаттары заңды тіркеуден өтті.

- Осыдан 2-3 жыл бұрын Арқада жаппай киік қырылу дерегі тіркеліп еді. Неден екені анықталды ма?

Ж. Таңсықбаев: Ұзақ ветеринарлық зерттеуден кейін киіктерге пастереллез дерті жұғып, жаппай қырылды деген анықтама жасалды. 2015 жылы көктемде көтерем болып шыққан киіктерге сондай зауал келді.150 мың бас жоғалттық.  Киік санының күрт азайып кетуі негізі 2003 жылға келеді. Ол кезде елімізде бар болғаны 21 мың киік қалған. Қазір шүкір, 215 мыңнан астам ақбөкенді заңсыз аңшылықтан қорғап жүрміз.

- Сұхбаттарыңызға рахмет. Істеріңізге береке берсін!

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ