Қазақстандық Месси

Қазақстандық Месси

Қазақтың футболға деген қырсыздығын айтамын да. Бір-біріне допты дұрыс бере алмай, дәл қақпаның аузында шатысып, қиюы қашып жатады. Өзгелерді қайдам, өз басым сондықтан да футболдан Қазақстан чемпионатын қарай бермеймін. Жалықтырып жібереді. Оның үстіне Қазақ футболын легионерлердің есебінен көтергісі келе ме, сырттан спортшы алдыру үрдісі әлі басыла қойған жоқ. Самат Смақов, Исламбек Қуат секілді іліп алар жігіттер жүргенімен, тұтастай алғанда отандық футболдан жанкүйерлік ләззәт алған  емеспін. «Қайрат»командасы заманында дүрілдеп тұрғанда Тимур Сегізбаевтай жарқ еткен жұлдыздар болды. Қақпашы Құралбек Ордабаевтың  да есімі елеусіз қалмады. Солардың ізбасарлары қайда деп ойлайсың ғой баяғы.

Әлде ұжымдық ойын тікелей ұлттық менталитетке қатысты ма бар ма?! Жеке дара спорт түрлерінде әсіресе бокс, күресте қазақтың аты шықпай қалмайды. Ол анық. Табиғатында төбелеске  бір табан жақын тұратын жігіттердің бокс десе ішкен асын жерге қоюы заңдылық.

Десе де, соңғы кезде футбол десе құлағы түрік жанкүйерлердің Башқұртстанның «Уфа» командасында ойнайтын ұлты қазақ 18 жасар Еркебұлан Сейдахметке ықыласы ауып жүр. Арагідік арықша келген қара бала Қазақстанның да ойынына араласып қояды. Ойын тактикасы өте нәзік. Допты беталды теппейді,  майдалап қорғаушыларды алдаған кезде дінкесін «құртатын» ептілігі бар. Биыл наурыз айында Будапештте өткен жолдастық кездесуде ұлттық құрама сапында ойнап (3-2), шешуші  голды қарсыластардың қақпасына тоғытқан қазақ спорт тарихында ең жас спортшы ретінде қалды.

Көпшілік жанкүйер «Еркош» деп еркелететін Еркебұлан - Тараздағы «Монтажник» клубының шәкірті. Былтыр Санкт-Петербургте өткен халықаралық турнирде Ресей жаттықтырушыларының көзіне түскен қазақ баласы ресейлік «Зенит» командасының жастар құрамына шақырту алған еді. Футболшының ойын өрнегіне қызыққан кейбір спорт мамандары Еркебұланға Ресей азаматтығын алып беру жөнінде  ұсыныс көтеріпті. Әлбетте, Еркебұланның осыншалық шеберлігін мойындаудың өзі - өз ұлтымызға мақтаныш. Футбол болып жатса, қазірде тек сол Еркебұлан Сейдахмет ойнап жүрсе ғана қараймын. Тимур Сегізбаевтай атақты футболшылардың жалғасы болар Еркебұланды үйір ішінде құлдырыңдай шапқан құлындай көремін. Тіл-көзден аман жүрсін!

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ