Арман болған Абыралы

Арман болған Абыралы

Қазақ киноөнерінің тарихына көз жүгіртіп отырсаң, сапасы, мазмұны жағынан өзіндік орны бар «Жансебіл» көркем фильмінің шоқтығы биік. «Абыралыға баратын кім бар екен?», - деп вокзал басында жанұшыра айқайлаған шоқымдай ғана қара шалдың көзінде мұң да, үміт те бар. Теледидарға бір рет көз салған көрерменнің өзі  Мұқатайдың өміріне еріксіз сіңіп кетеді.  Актер Қасым Жәкібаев Мұқатайдың образын мүлтіксіз орындап шықты. Себебі өз басында баласынан айырылған қасіреті және бар.  Іштегі шер шиырлап сыртқа шыққанда ешбір жасандылық болмайды. Қазақ киноөндірісінің ең ақсап тұрған тұсы актерлердің көрерменін сөзіне иландыра алмауында емес пе?! Ол жағынан Қасым ақсақал мүдірмеді.

Одан өзге «Жансебіл» туындысына  жазушы-журналист Жүсіпбек Қорғасбек шынайы өмірдегі адамның тағдырын тілге тиек еткен. Бұл оқиғаның Қызылорда облысы, Шиелі ауданында ұзақ жылдар аудан басшысы болған Орынбасар Бәйімбетовке тікелей қатысы барын ойламаппын. Мұқатайдың өмірдегі  прототипі - Бейімбет Мәмбетұлы Орынбасардың туған әкесі. Бейімбет деген есім кейін құжатқа толтырылғанда қате кеті, Бәйімбетке айналған. Әкесі  соғыста екі аяғынан бірдей айырылып, туған жеріне  жарты денесін сүйретіп жетіп, пұшайман болғысы келмей, Ресейде қалып қояды. Бейімбеттен 1943 жылдың қыркүйегінен хабарсыз қалған отбасы бір үміт, бір күдікпен өмір сүреді. Балалары есейе келіп, әкелерін шын іздеуге кіріскенде, Тайыр Пірімбетов деген ауылдас ағаларының бірі Бейімбеттен келген хатты ұсынады. Сол мекенжаймен балалары мүгедек әкелерінің елге қайтуын өтініп, хат жазады. Елге деген, отбасыға деген сағыныш қойсын ба, мүгедек сарбаз 1944 жылы туған ауылына оралады.

«Әлі есімде, 1944 жылдың қазан айының соңында үйге көкем бұрын жұмыс істеп кеткен ферма бастығы келіп, көкемді бұрынғы қызметіне қайта қойды. Көкеме жеке машина берді. Ол кезде бастықтардың өзі де салт ат мінетін», - деп еске алады немересі Маржан.  Бейімбет Мәмбетов жер жарып атағы шықпаса да, өмірінің соңына дейін туған жерінің көркеюіне үлесін қосып өткен. Ол 1965 жылы жүрек талмасынан көз жұмыпты.

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ