Бала Құрмаш бейнесі

Бала Құрмаш бейнесі

Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Көксерек» әңгімесі желісімен түсірілген көркем фильмдегі бала Құрмаштың бейнесі кез келген көрерменнің көз алдына келіп тұра қалады. Аға ұрпақтың жадында қалған керемет кинотуынды. Ал көзін ашпаған бөрінің бөлтірігін арқалаған сол баланың өмірде көрген азабын көпшілік біле ме екен?

«Көксерек» көркем фильмі бала актердің денсаулығын кемітті. Бала күнінде байқамай балалықпен қайта-қайта суық суға малтыған актер кейін өмірде өкініпті. Қол-аяғы сырқырап ауыратын дерті өмірден өткенше соңынан қалмады. Соның де себебі болса керек, Құрмаш рөлін ойнаған Қамбар Уәлидің ғұмыры қысқа болды. Небары 49 жасында дүние салды.

Иә, дарынды бала кинокамераны жатырқамай, жас актер ретінде «Көксеректе» берілген рөлді  мүлтіксіз орындап шықты. Шығармашылықтағы жолын 8 жасында бастаған бала Қамбар «Шоқ пен Шер» фильміне түссе, 10 жасында «Көксерекке» кезікті. Уақытында көрерменнің ризашылығына бөленген фильмді «Оскар» сыйлығына ұсынбақшы болған екен. Алайда халықаралық  пайымда дала аңын ату қисынға келмейді деп көркем фильм әлемдік масштабқа шықпай қалды. Есесіне 1974 жылы Бакуде өткен «Ең үздік бала актер» ұсынылымы бала Қамбарға бұйырды.

Талантты актер кейін жігіт болған шағында «Шаңырақ» көркем фильміне түсіп, араға уақыт салып, көрермендерімен қауышты. Қыз алып қашып сотталған Ерболдың бейнесін де керемет сомдап, ел есінде қалды.

Қамбар тіршілікте актерлікті мамандық етіп, өнер саласынан нан тауып жемеді. Киностудия шақырса, бекітілген фильмдердегі рөлін ойнап жөніне кете беретін. Өмірінің соңына дейін Алматыдағы техникалық жөндеу орталықтарының бірінде техникалық директор болып істеді. Өнердің адамы темір-терсектің арасында жүрді.

Өмірінің соңғы жылдарында «Ендігі жылы «Көксеректің» экранға шыққанына 40 жыл болады», - деп дос-жарандарына қуана айта жүріп, ғұмыры жетпей 49 жасында өмірден озды.

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ