"Қыз Жібекті" анам алғаш көргенде талып қалыпты

– Құман аға, сіз «мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» шығып, атақты «Қыз Жібек» фильміндегі Төлегеннің рөлін сомдадыңыз. Бұл жеңіске жету сізге оңайға соқпаған шығар?

– 1968 жылы «Қыз Жібек» фильмі түсіріле бастады. Мен сол жылдары екінші курс оқимын. Содан газеттерге «осындай да осындай рөлдерге адамдар іздейміз» деген хабарландырулар шыға бастады. Онда өте көп жігіттер мен қыздар құжаттарын тапсырды. Солардың ішінде мен де суретімді, құжаттарымды тапсырдым. Содан жиырма шақты жігіт таңдалған. Мен Төлегеннің рөлін ойнаймын деп ойлаған жоқпын. Мүмкін, бақытым шығар?! Содан киножобаға түстік. Жан-жақтан сынаулар болды. Бір жағынан жылқышының баласы емеспін бе, соның пайдасы көп болды. Атқа жақсы отырамын, жақсы мінемін. Сол өнерім көзге түсті. Талай жігіттер сол жағынан ақсап жатты. Кинода Бекежан «туды алып кетті» деп айқайлайды ғой, сонда Төлеген өзінің ақбоз атына емес, жоңғардың атына қарғып мініп, шаба жөнелетін кезі бар. Сұлтан Қожықов ағамыз маған қарап тұрып: «Әй, бала, абайла, сен Төлегенді ойнағалы тұрсың! Ол – батыр азамат. Сенің батырлығыңды көрейікші, кәнекей», - дейді. Сонда әлгі атқа қарғып мінетін кезімді айтып отыр ғой. Алғашында, әрине, жүрексіндім, кейіннен бір жетідей дайындалып, рөлді ойдағыдай ойнап шықтым.

 – Төлеген рөліне түсіп елге танылған кезіңізде ауылыңыз сізді қалай қабылдады?

– Фильм шыққаннан кейін ауылға Меруерт екеумізді шақырған. Сарқан ауданының орталығына, туған ауылыма барып, фильмді көрсетіп қайтқанбыз. Алғашында осы фильмді өздері көрсеткен ғой. Онда менің уақытым болмады да, әлде шақырмады ма, есімде жоқ. Фильмді көруге шешемді де апарыпты. Шешем өмірі киноға бармаған адам. «Қыз Жібектің» аты дүрілдеп, газет-журналдарға жазыла бастаған кезі ғой. Содан шешеме ауылдың атқамінерлері «Жүріңіз, балаңыз түскен фильмді көресіз» десе, «Бармаймын» деп отырып алыпты. Қоярда-қоймай апарып, алдыңғы қатардың біріне отырғызып қойыпты. Фильмді көріп отырған. Түсінді ме, түсінген жоқ па, білмеймін. Төлегенге Бекежанның жебесі қадалатын жері бар ғой, соны көріп шешем «Ойбай, баламды өлтірді ғой» деп ойбайлап, талып қалыпты. Кейін сол ауыл арасында әңгіме болып тарап кетіпті. Мұны мен ауыл адамдарынан естідім.

Құман ТАСТАНБЕКОВ, актер, ҚР Халық әртісі