Бұйырмаған қамшы

Бұйырмаған қамшы

1960 жылы Сәбит Мұқановтың 60 жылдық мерейтойы өтеді. Кенен Әзірбаев та мерейтойға жиналғандарды Қордайға қонаққа шақырады. Сол жерде Сәбитке күмістелген ер тұрманы бар сәйгүлік мінгізіп, қолына күміс сапты қамшы сыйлайды. Оған мінген Сәбит шалқақтап, аттан түспей қояды.

Бұл қылығын көрген Хамит Ерғалиев қамшыны білдіртпей ұрлап алып, Сафуан Шаймерденовтің көлігіне тығып қоюын өтінеді. Сәбит қамшысын іздеп, шарқ ұрғанда екеуі сыр білдірмей отырады. Екеуі де тойдан соң қамшыны иесіне қайтаруды ұмытып кетеді.

Кейін қайтарып беремін деп жүргенде, үйінің төрінде ілулі тұрған қамшыны Сафуанның баласы өрімін жазып, конькиге бау етіп тағып алады. Сол бала Саян Шаймерденов кейін атақты хоккейші, жеті дүркін КСРО чемпионы атанады.

Сафуан баласының спортта үлкен жетістікке жетуіне Сәбиттің қамшысының әсері болған шығар деп еске алады екен. Қазақ осылай ел алдында жүрген жақсы адамдардың қамшысын ырымдап, қалап алып отыруды бұрыннан әдетке айналдырған.

Ләйлім ӘУБӘКІРОВА