«КЕЛШІ, АЙЫМ» ӘНІНІҢ ТАРИХЫ

«КЕЛШІ, АЙЫМ» ӘНІНІҢ ТАРИХЫ

Жазушы Дулат Исабековтің шығармасының желісімен 1975 жылы экрандалған «Гауһартас» фильмі естеріңізде болар? Кәукен Кенжетаев, Әмина Өмірзақова, Кененбай Қожабеков, Мұхтар Бақтыгереев, Әнуарбек Боранбаев сынды қазақ кино өнерінің жауһарларымен қатар, Досхан Жолжақсынов (Әскербек), Жаннат Қуанышева (Салтанат), Сапарғали Жәкішев (Қайыркен) сияқты жас әртістер түскен лирикалық фильм, қазіргі тілмен айтсақ, сол тұста кассалық фильмдердің бірі болып, бірден көрермен жүрегін жаулап алған еді. Картинада, кейіннен халық сүйіп айтар әндерге айналып, сол жылдардың «хитіне» баланған «Гауһартас», «Жеңеше», «Келші, айым» сияқты бірнеше туындылар орындалады. «Гауһартас» пен «Салатанат әнін» әнші Сәжида Ахметова дыбыстаса, Досхан Жолжақсынов «Келші, айымды» домбыраға сүйемелдейді. Кімдікі екені титрға жазылмаса да, бұл әннің консерваторияда оқитын жас студент, құландық өнерпаз Мэлс Өзбековтің әні екенін Досхан Жолжақсынов жақсы білетін еді. 
Көгілдір көл беті, көк елес көлбеді,
Мен тұрмын жағада жабырқау... – деп басталатын әннің тұңғиығында сазгер тілмен айтып жеткізе алмаған бір белгісіз мұң, айықпас дерт жатқандай еді...
Сонда бұл не мұң? Не дерт?
Ол кезде Мэлс, жоғарыда айтқанымыздай, консерваторияда оқитын. Жас сазгер Алматы медицина институтының Айымзада есімді бір қызына өлердей ғашық болады. Қос жүрек бір-бірін тауып, өзара түсінісіп, мәңгілік бірге болуға сөз байласады. Ертегі әлемнің қызығы енді ғана бастала бастаған шақта, жазғы каникул уақыты келіп, екеуі бір-бірімен қимай қоштасып, жаңа оқу жылында сағыныса кездесуге уәде байласып, бірі Алматы маңына, екіншісі Құланға жол тартады. Ғашық жандар жаз бойы сағынысқан көңілдің дауасын бір-біріне хат жазысып, маржандай тізілген жүрек жазбалары арқылы іздеуге тырысады.
Бір жолы Мэлстің хаттарына Айымзададан жауап қайтпай қояды. Соңғы қысқа хаттарының бірінде: «Бұдан былай үйге хат жазба, ата-анам біліп қойса, ұят болады» деп, ескерткені есінде, содан ба екен деп, сабыр іздеп, лажсыз бұған мойынсұнып, каникулдың бітуін асыға күтеді. Үздігіп күткенде уақыттың өтпейтін әдеті емес пе? Жаңа оқу жылы басталысымен Мэлс Алматыға қарай құстай ұшады. Іздегені – Айымзада. Оқу орнына барса, әлі келмеген екен. Не істерін білмей, сыртта аңтарылып тұрғанында мұны танитын курстас қыздардың бірі суықтау хабарды сумаң еткізеді. Айымзаданың каникул кезінде өзенге шомылып жүріп, оқыстан суға кетіп қайтыс болғанын хабарлайды...
Мұны естіген Мэлс, сең соққандай көзі қарауытып, алқымына өксік тығылып, жын қаққандай жатақханасына қарай жүгіре жөнеледі. Құсалықпен өзегі өртеніп, ас-су ішпей ұзақ жатады. Аймзадамен бірге қыдырған бақытты шақтары көз алдынан тізбектеліп өте береді. Енді бұлай жата берсе, ішігіп өлетінін сезеді. Көл басына барып, әлсіз толқыннан ән іздейді, әуеннен тыншу сұрайды...

Көрікті көл беті,
Көк елес көлбеді,
Мен тұрмын жағада жабырқау.
Ай нұры арайлы,
Айдынға тарайды,
Сүйіктім келер ме, япырм-ау?

Айдын көл, сен айтшы,
Самал жел, сен айтшы,
Жарыма құс болып ұшайын.
Бір хабар берші, айым,
Жақындап келші, айым,
Лапылдап мәңгі құшайын.

Осылайша сөзін Әбдірахман Асылбеков жазған «Келші, айым» әні дүниеге келеді... (Бейнежазба режиссер Шәріп Бейсембаевтың «Гауһартас» фильмінен үзіп алынды)

Б. Сердәлі