АУЫЛДЫҢ ДӘМІ

АУЫЛДЫҢ ДӘМІ

Әженің бауырында өсіп, ес  білгенше етегінен ұстап өскенен бе әжемнен дана, әжемнен мейірімді, әжемнен сабырлы адам таппайтынмын. Бәлкім еркелік те бар шығар, жеңгелі болғанда да әжемнің әмірімен дастархан жайғызып, түске таман тұрған маған шәй беретін. Суып қалған самаурынның шәйін ұйқылы ояу отырып, ол кездегі шақпақ қантты әзер қажап ораза ашатынмын.

 Жеңгем де алтын адам еді ау шіркін! Бір қабақ шытпайтын. Күліп тұратын. Басымнан сипап өсірген алтын жеңгемнің орны бөлек еді. Бала жатырқамайтын болғасын бауыр басып-ақ алдым. Алтын жеңешем тұщпара істегенде айналып қасынан шықпайтын едік. Ауылдың кеспесі мен етінен әбден зәрезәп болған біздерге ол дәурен де қызық болып көрінді.

Есесіне кешке өрістен үш сиырымыз  келгенде әжем шелегін ала жүгіріп сауып алып, қазанға сүт пісіруші еді. Отқа салған тезегі шоқтанғанда қазанын майлап, қамыр жайып оны тезек шоғына  төңкеріп, кешкі асқа ыстық нан мен сүтті қосарлайтын дағдысы қалаға көшкенше қалмады. Оны әр жерде әртүрлі атайды. Жаппай нан, жаппа нан т.б. Шоққа бабымен піскен сол нанның дәмі әлі күнге таңдайдан кетпейді. Қазанда қашанда сүт пісіп тұрады.

Аптап ыстықта даланың жабайы жуасы мен көсігін теріп, кешке тау қопарғандай үй ауласына кіргенде әжемнің оты маздап жататын еді. Жабайы жуаны тамаққа қосса қуанамыз, еңбек қайтты деп. Деседе жуаны асқа турау ауылдың дағдысында жоқ, кеспені көп жағдайда көк жуасыз жейді. Ол да өзінше дәмді. Сүт көп болғасын әжемнің көжесі таусылмаушы еді. Немерелерім аш болмасын деп, шөліркемесін деп қара ашыған қайнатып, шелегін салқын жеде сақтайтын. Бала болып ойыннан келіп, қара су іздейтінбіз. Ашыған құйып беріп, аналық әжелік қамқорлығын жасайтын Талшын әжемнің бейнесі көз алдымнан кетпейді. Ол да бір дәурен!

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ