ҚҰНАНБАЙДЫ ҚАЙТА ТІРІЛТКЕН ЕМШІ - Kazakh TV

Халық емшілерінің тәжірибесінен Қазақ даласында дәрілік өсімдіктерді жетік білген, онымен малды да, адамды да емдеп, жаза алған атақты тәуіптер болған. Солардың бірі – Найманның Қыржы руынан шыққан Ырғызбай емші Досқанұлы. Ол кезінде ұлы Абайдың әкесі Құнанбай қажыны дәрілік өсімдіктермен емдеп жазады. Халық емшісі 1787 жылы Тарбағатай өңірінде дүниеге келіп, 1850 жылы «Мыңжылқы» құдығына таяу маңдағы күзеуде қайтыс болады. Ырғызекең бала жасынан емдік шөптерге үйір болса керек. Емші шипалы тамыр – шөптерді жаз, күз айларында, әбден толысып-жетілген шағында жинайтын көрінеді. Әрине, әрбір шөптің теру тәсілі, сақтау ережесі бар ғой. Бір шөпті таңғы шық кеппей тұрып жинау қажет болса, екіншісін тек қана кешкілік терген дұрыс. Және де оларды шіліңгір аптапта тамырынан ажырату оның емдік қуатын әлсіретеді. Ырғызбай емші өсімдіктердің шипалы тамырларын жаңбырдан кейін, қараңғы түсе жұлып жинаған да, күн сәулесі түспейтін көлеңкеде, самал есетін, тыныс алатын орындарда кептіріп, дайындаған.

Ырғызбай емшінің кезінде айтып кетуі бойынша, кейбір шөптер мен тамырлар аралас кептірілсе, сақталса күш-қуатын жоғалтады екен. Ол сол себепті шөп, тамырларды бөлек-бөлек сақтайтын үш қанат күркені алдын-ала дайындап, оған сөрелер орналастырған, қапшықтар мен қалталар әзірлеп, оны керегеге іліп қойған. Емшінің шипалы өсімдіктерден дәрі-дәрмек жасайтын ыдыстары мынандай болыпты: ағаш тостағандар мен шойын шөңкелер, күміс тегештер мен мүйіз тостағандар, аршаға ысталған мойнақ торсықтар мен жез құтылар, емдік майларды сақтайтын сүйек ыдыстар, сұйық және тұнбаларды құятын басқа да қажетті заттар. Дәрі-дәрмектердің мөлшерін анықтайтын нәзік таразысы да болған. Дәрі-дәрмектер дайындау барысында Ырғызекең жылқының қылы мен түйенің шудасын, тарамысты да пайдаланыпты. Бір рет Шәуешек жақтан бір қарт емші оның үйіне келіп Тарбағатайдың теріскейіндегі күн түспейтін сулы қойнауларында емдік қасиеті өте күшті адам бейнелі өміртамыр болатынын, хансулардың оны женьшень дейтінін, осы кісішөпті іздеп табуын өтінеді. Ырғызбай емші оны көп жыл бойы іздеп, ең соңында Түйемойнақ шыңының сулы жықпылынан табады. Сөйтсе, ол жасылтым жапырақтары жайылған, қызғылтым сабағының ұшында шоқ жемістері мөлдіреп тұрған, бәкене бойлы ерекше өсімдік екен.

Атақты Ырғызбай емші шипалы өсімдіктердің гүлінен, жапырағынан, тамырынан дәрі-дәрмек жасағанда олардың қандай ауруға қалай қолданғанда ем болатынын табиғи түйсікпен біліп, дамытқан. Емшінің үйінен қысы-жазы кенекұнжұт, түймешетен, адыраспан, долана, көккекіре, суқалампыр, қарандыз, киікот, шайқурай, тікенжиде, тәуіпдәрі, томардәрі, қасқыртамыр мыңжапырақ, жаушүмілдік тәрізді өсімдіктер үзілмеген. Ол улы шөп-тамырларды аса сақтықпен жіңішке ауруларға, тері ауруларына, күйікке қолдана біліпті. Құнанбай қажы ауруынан емдеп жазуға шақыртқанында, Ырғызбай емші қоңыр аюдың өтін бауырымен қоса алып, мейіздей етіп кептіріп, марал, бұғы, киік мүйіздерінен жасаған дәрілерін реттеп, әбден қайнатып тазартқан, мумиесін мысқал–мысқалға бөліп, дайындапты. Ол Құнанбай қажының өт жолының да бұзылғанын біліп, өзіне арнап тігілген киіз үйде жеті, қырық бір, жүз үш түрлі шөптен, қырық бір түрлі жапырақтан, гүл мен тамырдан дәрі жасап, оны жылқының іш майына араластырып қайнатып, жеті түрлі дәмнен тосап дайындайды. Тосапқа аю өтінің тарыдайын екі-үш сүйкеп, жиі-жиі ішкіздіріп, қырық күн емдеп, Құнанбай қажыны ауруынан жазып алады. Құнанбай қажының өтінішімен Сыбан еліндегі ақын Түбекті де емдеп, қатарға қосады. Содан Сұртай ақын Ырғызбай емшіні былайша жырға қосады:

… Ырғызбай елге әйгілі тәуіп еді,
Құнекеңе шипалы ем тауып еді.
Ажалдан Құнанбайды
алып қалды,
Әйтпесе, басқа төнген қауіп еді…
Құнекең сыйға тартқан сол биені,
Сусынға неше жылдай сауып еді,-деген емшінің соңында сөз қалды.
 

Мақсұтбек СҮЛЕЙМЕН

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер